Apple компаниясы Үндістандағы ресми дистрибьюторлар мен дүкендерге қатаң талап қойып, сатылған жаңа iPhone құрылғылары 90 күн ішінде шетелдік SIM-картамен іске қосылса, айыппұл салынатынын ескертті.
Бұл туралы Money Control басылымы хабарлады.
Ереже бұзылған жағдайда айыппұлдан бөлек, Apple дүкеннің кодын бұғаттауы мүмкін. Мұндай саясат компания өнімдерінің басқа нарықтарға, әсіресе Apple ресми жұмысын тоқтатқан Ресейге заңсыз жеткізілуін шектеуге бағытталған.
Басылым iPhone 17 модельдеріне, әсіресе 256 және 512 ГБ нұсқаларына Үндістанда тапшылық бар екенін жазады. 2023 жылы елдің iPhone экспорты 1,6 млрд долларды құраса, оның 3–5%-ы бейресми арналармен жөнелтіледі, соның жартысы Ресейге кетеді.
Apple Ресейде 2022 жылдан бері ресми сатуды тоқтатқан. Соған қарамастан, елге смартфондар параллель импорт арқылы жеткізіліп келеді.





