Аса ірі алаяқтық жасады деген күдікті Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды

Қазақстанда аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген құрылыс компаниясының басшысы Ресейден экстрадицияланды.
Бұл Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша жүзеге асқан.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылдан 2022 жылға дейін күдікті өзге адамдармен алдын ала сөз байласып, жалған келісімшарттар жасаған. Ол аффилирленген компаниялар арқылы ақша қаражатын аударып, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның еншілес ұйымынан 8,5 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырған.
Бұл қаражат Ақмола облысында жел электр станциясын салуға арналған болатын.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті елден қашып, жасырынған. Оған халықаралық іздеу жарияланып, 2025 жылдың ақпан айында Ресей аумағында ұсталды. Кейін ҚР Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қылмысқа қатысы бар басқа тұлғалар биылғы мамыр айында түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Қолданыстағы заңнама бойынша, мұндай қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шетелде жасырынып жүрген қылмыстық жауапкершілікке тартылатын тұлғаларды іздестіру және экстрадициялау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып жатыр.