Қазақстанда жолаушылар пойыздарында цифрлық сервистерді дамыту бағытындағы тағы бір маңызды жоба жүзеге асты.
Енді Астана – Семей – Достық бағыты бойынша қатынайтын №121/122 пойыздың жолаушылары Starlink технологиясы арқылы спутниктік интернетті пайдалана алады.
Бұл – жеке тасымалдаушы қызмет көрсететін бағыттардың ішінде интернет желісіне қосылған алғашқы пойыз. Жоба Көлік министрлігінің жолаушылар тасымалының сапасын арттыру және көлік саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жөніндегі жұмысы аясында іске асырылды.
Спутниктік интернет жүйесін енгізу жұмыстары Қазақстандағы телекоммуникациялық және цифрлық технологиялар саласындағы серіктес компаниялардың бірі Kaztechnology компаниясының қатысуымен жүзеге асқан. Компания «Арай транс KZ» серіктестігімен бірлесіп Starlink технологиясын теміржол қатынасына енгізіп отыр.
Жаңа технологияның басты артықшылығы – бұрын ұялы байланыс қамтылмаған немесе байланыс сапасы төмен болған теміржол учаскелерінде де интернетке қол жеткізу мүмкіндігі. Бұл әсіресе ұзақ бағыттармен жүретін жолаушылар үшін маңызды.
Интернетке қосылу үшін жолаушылар пойыз ішіндегі Wi-Fi желісіне қосылып, авторизациядан өтуі қажет.
Пайдаланушыларға екі түрлі қызмет пакеті ұсынылады. Бірінші нұсқа бойынша WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінде мәтіндік хабар алмасуға тегін қолжетімділік қарастырылған. Ал ақылы тарифті таңдаған жолаушылар әлеуметтік желілерді пайдаланып, түрлі интернет ресурстарға кіріп, бейне сервистерді көруге және жұмысқа қажетті онлайн платформаларды қолдануға мүмкіндік алады.
Қызмет ақысын төлеу үшін Kaspi.kz, Halyk, Apple Pay, Google Pay, сондай-ақ Visa және MasterCard төлем карталары қолданылады.
Мамандардың айтуынша, спутниктік интернетті енгізу жолаушылардың жайлылығын арттырып қана қоймай, теміржол көлігіндегі цифрлық қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Көлік министрлігі алдағы уақытта да жолаушылар тасымалы саласына заманауи технологияларды енгізу және цифрлық сервистерді кеңейту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.





