Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Атырауда пластик қалдықтарды өңдейтін зауыт іске қосылады

Атырауда пластик қалдықтарды өңдейтін зауыт іске қосылады

Атырауда пластик қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Өндірістік нысанды «Фибратекс» ЖШС іске асырып жатыр. Жоба өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартып, тұрмыстық қалдықтарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, кәсіпорын ПЭТ-бөтелкелерді қайта өңдеу арқылы полиэфирлі штапельді талшық өндіреді. Өндірістік желінің қуаты тәулігіне 20 тонна пластик қалдықты өңдеуге жетеді. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 7 мың тонна дайын өнім шығарып, 67 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Өндіріс директоры Тұрлан Нұрланов өндіріс процесі бірнеше кезеңнен тұратынын айтты.

Оның сөзінше, алдымен пайдаланылған пластик бөтелкелер сұрыпталып, жуылып, өңдеуден өтеді. Нәтижесінде флекс деп аталатын ұсақ пластик шикізаты дайындалады. Кейін бұл материал арнайы қондырғыларда жоғары температурада өңделіп, полиэфирлі талшыққа айналады. Соңғы кезеңде талшық дайын өнім ретінде шығарылып, тұтынуға жіберіледі.

Кәсіпорын өндірген өнімнің бір бөлігі ішкі қажеттілікке жұмсалмақ. Жыл сайын өндірілетін 7 мың тоннаның 3,6 мың тоннасы геосинтетикалық материалдар өндіруге пайдаланылса, 2,4 мың тоннасы экспортқа жөнелтіледі.

Қазіргі уақытта өндірістік жабдықтарды орнату және іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірде қалдықтарды қайта өңдеу көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар өндіріс экспорттық әлеуетті күшейтіп, жасыл экономиканың дамуына серпін береді.

Ұқсас материалдар