Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Біріккен Араб Әмірліктерінің "Dalil Information Technology" компаниясының басшылығымен кездесу өткізіп, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және инновациялық технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Келіссөздер барысында басты назар азаматтың бірыңғай цифрлық профилін құру, жасанды интеллект негізіндегі электрондық шекара жүйелерін дамыту және көліктік бақылау тетіктерін жаңғырту мәселелеріне аударылды.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан деректер экожүйесін жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Министр елдің технология трансфертімен ғана шектелмей, білімді бірлесіп дамытуға және жергілікті мамандардың әлеуетін арттыруға бағытталған серіктестікке ашық екенін атап өтті.
Кездесу барысында араб компаниясының өкілдері цифрлық сәйкестендіру саласындағы негізгі жобаларын таныстырды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметтерге арналған "Super App", әуежайлардағы биометриялық "Smart Gates" жүйелері және кедендік әкімшілендіруге арналған интеллектуалды шешімдер бар.
Сондай-ақ тараптар киберқауіпсіздік пен үлкен деректерді талдауға негізделген технологияларды пайдалану мүмкіндігін қарастырды. Атап айтқанда, қағаз құжат айналымын қысқартып, халықты биометриялық сәйкестендіру деңгейін арттыруға бағытталған "Golden Record" тұжырымдамасын іске асыру мәселесі талқыланды.
Кездесуде 2026 жылғы мамырда Алматыда Президент патронажымен алғаш рет өтетін GITEX халықаралық көрмесіне "Dalil Information Technology" компаниясының қатысуы да сөз болды. Жаслан Мәдиев компанияны өз әзірлемелерін осы алаңда таныстыруға шақырып, ынтымақтастықты Өзара түсіністік туралы меморандум арқылы бекітуді ұсынды.
Тараптардың пікірінше, мұндай қадам технологияларды жергіліктендіруге, мемлекеттік цифрлық жобаларға инвестиция тартуға және бірлескен бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.





