Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Байденнің 22-ші көмек пакеті: Киевке тағы 988 миллион доллар бөледі

Байденнің 22-ші көмек пакеті: Киевке  тағы 988 миллион доллар бөледі

АҚШ Украинаға құны 988 миллион доллар әскери көмек пакеті берілетінін мәлімдеді.

АҚШ-тың қорғаныс министрлігінің дерегі бойынша, негізгі мақсат – Ресей агрессиясына қарсы күресте жеңіске жету үшін Киевке қолдау көрсету. Джо Байден әкімшілігі осымен Украинаға қауіпсіздікке көмек көрсету бастамасының (USAI) бөлігі ретінде 22-ші көмек пакетін ұсынып отыр.

Жаңа көмек пакетіне дрондар, танктер, бронетранспортерлер, HIMARS зымыран жүйелеріне арналған оқ-дәрілер, артиллериялық жүйелерге қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектер енгізілді.

«Америка Құрама Штаттары басқа одақтастарымен бірге Украинаға «соғыста жеңіске жету үшін» қажет қолдау көрсетуді жалғастырады»,  – дейді Пентагон.

 Одан бөлек Вашингтон Еуропа елдеріне 80 мың әскер жіберді. Америка Құрама Штаттарының жасақтары Еуропадағы Солтүстік Атлантикалық Шарт Ұйымына мүше елдердің аумағында орналасты. АҚШ Президенті Ресейге қарсы әскери күшті нығайта түскенін мәлімдеген.

Айта кету керек, 7 желтоқсан күні Парижде өрттен кейін қалпына келтірілген Нотр-Дам соборының ашылуына АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп қатысты. Франция президенті Эммануэль Макрон ұйымдастырған бұл диалогта Украина Президенті Владимир Зеленский де болды. Ол Парижде ұйымдастырылған кездесу үшін Макронға алғыс айтты.

Трамп сайлауалды кезеңінде АҚШ пен Украина соғысын тоқтатуға уәде берген. Еуропа елдері бұған қатысты АҚШ саясаты лезде өзгеріп кетуінен қауіптенеді. Олар алпауыт елдің Украинаға қолдау көрсетуден бас тартпауын құптап отыр. Байденнің көмек пакеттерін беруді жеделдетуінің бір сыры осында болса керек.

The Wall Street Journal (WSJ) украиналық шенеунікке сілтеме жасай отырып, 2025 жылы Ресейге қарсы тұру үшін Украинаға Батыстың 126 млрд доллар көмегі қажет болатынын жазған. Киев НАТО-ның құрамына жуырда кіре алмайтынын аңдай отырып, АҚШ пен Еуроодақтың қолдауынсыз жеңіске жету қиын екенін мәлімдеген. 

Еске сала кетсек, Джо Байденнің президенттік мерзімі 2025 жылдың қаңтарында аяқталады. .

Ұқсас материалдар