Қазақстанда байланыс операторлары қаржылық есептілікті және инфрақұрылымға қол жеткізу тарифтерін жариялауға міндеттеледі.
Бұл норма телекоммуникациялар нарығын дамытуға арналған заң жобасында қарастырылған.
Құжат Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, заң жобасы 116 түзетуден тұрады. Соның бірі – әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік сервистерге тегін қолжетімділік енгізу. Енді азаматтар нөлдік баланс кезінде де eGov, e-Otinish және Aitu секілді сервистерді пайдалана алады.
Сондай-ақ заң жобасында байланыс сапасын арттыру үшін репитерлерді, яғни ұялы байланыс сигналының күшейткіштерін елге әкелуге шектеу енгізу ұсынылған. Енді мұндай құрылғыларды тек байланыс операторлары ғана импорттай алады.
Бұдан бөлек, байланыс инфрақұрылымын салуға арналған жер телімдерін бөлу тәртібі жеңілдетіледі. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда да байланыс желілерін салуға мүмкіндік беру қарастырылған.
Министрліктің мәліметінше, бұл шаралар шалғай және туристік аймақтарды интернетпен қамтуды кеңейтуге бағытталған.





