
Ішкі істер министрлігі дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасындағы маңызды өзгерістер туралы ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабында өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.
Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады.
Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді. Есіңізде болсын: жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті.
ІІМ ұсынады:
- ешқашан банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
- картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы "оңай ақша табуға" келіспеңіз;
- күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.