Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов айтты.
«Кен орындарын тезірек игеруге тарту мақсатында бір келісімшарт бойынша барлаудан бағалауға, ал 10 келісімшарт бойынша барлаудан өндіруге көшу жүзеге асырылды. Биыл екі электронды аукцион өткізілді, олардың барысында 15 учаске сатылды. Қол қою бонусының түпкілікті көлемі 32,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде бүгінгі таңда бюджетке 9,1 млрд теңге түсті. Геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі 82,5 млн долларды құрады. Сондай-ақ, 56 іздеу жұмыстарының жобасы ескерту тәртібінде тапсырылып, оларды жер қойнауын пайдаланушылар өздері бекітті», – деді ол.
Оның айтуынша, бұл әрбір жерқойнауын пайдаланушыға жобалау құжаттарын мемлекеттік сараптамадан өткізуге кететін екі ай уақытты үнемдеуді, далалық жұмыстарды жылдам бастауға мүмкіндік берді.
«Осы жылдың 9 айында жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан 4,3 трлн теңге инвестиция құйылды. Оның ішінде геологиялық барлауға 125,9 млрд теңге жұмсалды. Министрлік көмірсутектер саласындағы геологиялық саланы дамыту үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады. Мұнда әр кезеңде жер қойнауын пайдалану құқығын берудің түсінікті және ашық рәсімдерін қамтамасыз ету басты назарда болады», – деді Ерлан Ақкенженов.