Былтыр 124 мың неке қиылып, 61 мың отбасы ажырасып кеткен – Әділет министрі

Қазақстанның әділет министрі Ерлан Сәрсембаев туған балаларын асыраудан қашатын әкелерді әкімшілік не қылмыстық жауапқа тарту аздық ететінін алға тартып, мемлекеттік органдар отбасы институтын нығайту бойынша кешенді жұмыс жүргізуі керек екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол Мәжілісте өткен үкімет сағатында айтты.
Министрдің айтуынша, осы жылдың басында алимент өндіруге қатысты 283 мың құжат болған. Оның 12 835 немесе 4% пайызы проблемалы және олар бойынша алимент төленбейді. Оларға қатысты атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылады.
«Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезіндегі негізгі проблемалар тұрақты табыстың және мүліктің болмауы, ал кейбір жағдайларда табыстарды қасақана жасыру болып қала береді. Жұмыссыз борышкерлерді жұмысқа орналастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жұмысқа орналасқан борышкерлердің саны жыл сайын артып және 2024 жылы 6 232 борышкерді құрады. Борышкерлерге қатысты қолданылатын шаралардың ең соңғысы оларды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту. Алайда бұл шараларды қабылдау алимент төлемеу мәселесін толығымен шешпейді деп санаймыз. Балаларын асырауға ниеттің болмауы, алимент төлеуден жалтару – отбасы-неке қатынастары дағдарысының салдары», – дейді Сәрсембаев.
Айтуынша, бұған былтыр тіркелген ажырасу саны – 61 080 дәлел, бұл неке қию санының (124 774) жартысына жуығын құрап отыр.
«Осы тұста отбасы институтын нығайту және балалардың мүдделерін қорғау бойынша жауапты мемлекеттік органдардың кешенді жұмыс жүргізуі қажет деп санаймыз. Алимент төлемдерін өндіру министрліктің ерекше бақылауында», – деді ол.