Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев One Water саммиті аясында Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Бангамен кездесті.
Президент Орта дәлізді дамытуға, атап айтқанда, Жезқазған – Қарағанды автомагистралінің құрылысына салынатын инвестицияның стратегиялық маңызына назар аударды.
Мемлекет басшысы еліміздің Дүниежүзілік банкпен стратегиялық серіктестігінің мәнін ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінде қаржы институтымен бірлесе су ресурстары, көлік және білім беру салаларында жалпы құны 3,5 миллиард доллар болатын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің Көлік жолдарының орнықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарламасы (TRACE) шеңберінде атқарылатын қазақстандық жобаға 650 миллион доллар көлемінде қаржы бөлу туралы шешімін құптады.
Аджай Банга Дүниежүзілік банктің Қазақстанмен арадағы ықпалдастық деңгейіне жоғары баға беріп, өзара тиімді серіктестікті нығайтуға дайын екенін растады. Атап айтқанда, банк экономиканың түрлі саласында бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыруға мүдделі.
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты диалогты жандандырып, бірлескен жұмыстың ұзақмерзімді перспективасын айқындау үшін Аджай Банганы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Биыл жер қойнауын пайдаланушылар 4,3 трлн теңге инвестиция құйды
- 03 желтоқсан, 2024