Елімізде интернет-алаяқтар соңғы бес айдың ішінде дропперлердің көмегімен азаматтардан ұрланған 400 млн теңгеге жуық қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, дропперлер – өз банк шоттарын немесе төлем карталарын үшінші тұлғаларға пайдаланып, заңсыз ақша аударымдарын жүзеге асыратын адамдар. Олар алаяқтық жолмен алынған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру мен заңдастырудың негізгі буыны саналады.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілгеннен бері Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша 700-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Осы уақытқа дейін 216 адам жауапкершілікке тартылып, олардың 202-сі сотталған.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысында жеті колледж студенті банк шоттарын алаяқтардың пайдалануына бергені үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Олардың шоттары арқылы азаматтардан, соның ішінде зейнеткерлерден жымқырылған 4 млн теңгеден астам қаражат өткізілген.
Прокуратура банк шоттарын бөтен адамдарға берудің немесе олардың атынан ақша аударымдарын жасаудың 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар мұндай тұлғалардың банк шоттары бұғатталып, өзге де қаржылық шектеулер қолданылуы мүмкін.
Ведомство азаматтарды өз банк карталары мен шоттарын бөгде адамдарға бермеуге шақырып, егер мұндай жағдай орын алған болса, банкке дереу хабарласып, картаны бұғаттауға кеңес берді. Сонымен қатар құқық қорғау органдарына өз еркімен хабарлап, тергеуге көмектескен азаматтар заң аясында қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.





