Қазақстан Парламенті Мәжілісі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жерін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялады.
Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында белгілі болды.
Заң жобасы 2023 жылғы 4 желтоқсанда Мәскеуде жасалған келісімді ратификациялауға бағытталған. Құжат ЕАЭО аумағынан экспортталатын тауарлардың шығу тегін айқындау, куәландыру және растау тәртібін құқықтық тұрғыда бекітеді.
ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабековтің айтуынша, келісім тауарларды әкету кезінде тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, әкетуге тыйым салынған немесе шектеу қойылған тауарлар бойынша маңызды.
– Келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан, соның ішінде Қазақстаннан шығарылатын тауарлардың шығу тегін анықтауға және бақылауға құқықтық негіз қалыптастырады, – деді вице-министр.
Құжатқа сәйкес, Еуразиялық экономикалық комиссия белгілейтін арнайы қағидаттар негізінде ЕАЭО-ның кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығарылған жері айқындалады. Сондай-ақ мүше мемлекеттер тарифтік емес реттеудің біржақты шараларының сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.





