Үкімет Павлодар облысындағы Екібастұз қаласын ресми түрде моноқалалар санатынан шығарды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, тиісті өзгеріс «Қазақстан Республикасы моноқалаларының тізбесін бекіту туралы» бұйрыққа енгізілген. Осылайша, 2026 жылғы 10 наурыздан бастап Екібастұз моноқалалар тізімінен алынып тасталды.
Министрлік қалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын 78 көрсеткіш бойынша кешенді талдаудан өткізген. Бағалау барысында өнеркәсіп өндірісінің өсуі, инвестициялық белсенділік, кәсіпкерліктің дамуы және жұмыспен қамту құрылымы ескерілген.
Нәтижесінде, Екібастұз экономикасының әртараптанып, тұрақты дамып келе жатқаны анықталған. Қалада өнеркәсіп көлемі артып, инвестиция тарту қарқыны күшейген.
Осы өзгерістен кейін Қазақстандағы моноқалалар саны 19-ға дейін қысқарды.





