Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Электр, су және жылу тарифтерін есептеу тәртібі өзгерді

Электр, су және жылу тарифтерін есептеу тәртібі өзгерді

Ұлттық экономика министрі 2026 жылғы 18 маусымда тариф қалыптастыру қағидалары мен қоғамдық маңызы бар нарықтардағы баға белгілеу қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды.

Бұйрық
2026 жылғы 4 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі. Аталған құжатқа сәйкес, тарифті бекіту үшін субъектілер уәкілетті орган айқындаған цифрлық жүйе арқылы электрондық форматта өтінім береді.

– Тариф мөлшерін өсірмей бекітілген тарифтік сметаны өзгерту қажет болған жағдайда, субъект осы жылдың 1 қарашасына дейін қағаз немесе электрондық нысанда өтініш жолдай алады, – делінген құжатта. 

Сондай-ақ тариф қолданылатын кезеңде субъектілер жыл сайын есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмей тарифтік сметаның орындалуы туралы есепті электрондық форматта ұсынуға міндетті.
Ынталандырушы тарифтік реттеу әдісі қолданылған жағдайда, субъектілер жыл сайын нақты алынған кірістер мен шығыстар, реттелетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көрсеткіштерінің сақталуы және қызмет тиімділігі көрсеткіштерінің орындалуы жөнінде есеп береді. Мұндай есеп регуляторлық жылдың аяқталуына екі ай қалғанда ұсынылады.

Қағидаларға сәйкес, тарифтік сметаның орындалуы туралы есепке қоса берілетін барлық есептеулер мен негіздемелік материалдар реттелетін қызметтің әрбір түрі бойынша жеке дайындалуы тиіс. Сондай-ақ электр энергиясын беру, сумен жабдықтау және жылумен қамту салаларында ынталандырушы тарифтік реттеу әдісін қолдана отырып тариф есептеу тәртібі жаңартылды.

Енді субъектілер тарифтерді бекіту туралы өтінімді регуляторлық кезең басталғанға дейін кемінде 100 жұмыс күні бұрын электрондық форматта тапсырады. Өтінімде рұқсат етілген кірістің барлық құрамдасы мен ұсынылатын тарифтер көрсетілуі қажет.

Сонымен қатар инвестициялық бағдарламаны бекітуге арналған өтінім де цифрлық жүйе арқылы беріледі. Республикалық бөлімге енгізілген субъектілер өтінімді бір мезгілде уәкілетті органға және тиісті салалық мемлекеттік органға жолдайды. Ал жергілікті бөлімдегі субъектілер құжаттарды уәкілетті органға, салалық мемлекеттік органға және қажет болған жағдайда жергілікті атқарушы органға ұсынады.

Оған қоса, инвестициялық бағдарлама тарифтің қолданылу мерзіміне бекітіледі. Ынталандырушы тарифтік реттеу әдісі бойынша инвестициялық бағдарламалар бір жылға немесе одан да ұзақ мерзімге бекітілуі мүмкін. Мұндай жағдайда кейінгі регуляторлық жылдарға арналған іс-шаралар қосымша құжаттар негізінде қайта қаралады.

– Егер инвестициялық бағдарлама бір немесе бірнеше жылға бекітілсе, оны іске асыруға арналған қаражат регуляторлық кезеңнің әрбір жылына бөлініп, амортизациялық аударымдар мен пайда көлемі ескеріле отырып түзетіледі, – делінген бұйрықта. 

Бұдан бөлек, қоғамдық маңызы бар нарықтардағы баға белгілеу қағидаларына жаңа ұғым енгізілді. Атап айтқанда, «Пойыздарды тартуға арналған электр энергиясы» ұғымы бекітілді. Бұл – теміржол арқылы жүк тасымалдау және локомотивтік тарту қызметтерін көрсететін субъектілердің Бірыңғай сатып алушыдан көтерме электр энергиясы нарығында сатып алатын жоспарлы электр энергиясы көлемі.

Қағидаларға сәйкес, егер мұндай субъектілердің электр энергиясын сатып алу, тасымалдау немесе отын сатып алу шығындары келісілген шекті бағада көзделген шығындардан асып кетсе және соның салдарынан залал туындаса, уәкілетті орган шекті бағаны түзетуге құқылы.

Керісінше, егер субъект электр энергиясы мен отын шығындары бойынша негізсіз табыс алған жағдайда, шекті баға сол табыс көлеміне азайтылады.

Сондай-ақ шекті бағаны қалыптастыру кезінде еңбекке ақы төлеу шығындарын есептеу тәртібі нақтыланды. Есептеулерде нақты қызметкерлер саны нормативтік штат санынан аспауы тиіс. Жалақы мөлшері қолданыстағы бағадағы еңбекақы деңгейі мен инфляция болжамы негізінде немесе өңірдегі статистикалық орташа айлық жалақы көрсеткіші бойынша айқындалады.

Өңірдегі орташа жалақы қолданыстағы тарифте ескерілген жалақыдан жоғары болған жағдайда, есептеу кезінде осы көрсеткіш қолданылады.
Сонымен бірге экологиялық апат және радиациялық қауіп аймақтарында тұратын қызметкерлерге заңнамада көзделген қосымша төлемдер де ескеріледі. 

Ұқсас материалдар