
Осы жылы тағы 53 теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары басталады. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, осы күнге дейін 5 вокзал реконструкциялау жұмыстарынан өткен.
«Осы жылы туристік бағыттарды қоса алғанда, тағы 53 вокзалға жөндеу жұмыстары басталады. Вокзал маңындағы алаңдарды жөндеу жұмыстары жергілікті атқарушы органдар тарапынан қамтамасыз етілуі қажет», – деді Қарабаев Үкімет отырысында.
Сонымен қатар, Көлік министрлігі «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісін салу; екіжолақты «вставка» мен қабылдау-жөнелту жолдарын салу арқылы «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін модернизациялау; «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу», «Қандыағаш – Тобыл», «Әлімбет – Никельтау» және «Ақсу – Дегелең – Жаңа-Семей» учаскелерінде заманауи реттеу жүйелерін енгізуді жоспарлап отыр.
«Қазіргі уақытта бұл жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында халықаралық қаржы институттарымен келіссөз жүргізіліп жатыр. Жалпы, теміржол саласындағы жобаларды жүзеге асыру 20 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық бағытта 11 трлн теңге көлемінде мультипликативті әсерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2025-2029 жылдар аралығында жалпы ішкі өнімнің өсіміне шамамен 0,4-тен 1% деңгейінде үлес қосуға ықпал етеді. Барлық жоба бойынша биыл сәуір айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған», – деді министр.