Қазақстанда фармацевтика саласын дамыту аясында жалпы құны 173 млрд теңге болатын төрт жаңа зауыттың құрылысы басталады.
Тиісті қаулыларға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жобалар Алматы қаласында (2 зауыт), сондай-ақ Алматы және Түркістан облыстарында жүзеге асады. Нәтижесінде 356 түрлі дәрі-дәрмектің, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар препараттардың өндірісі жолға қойылады. Өндірістік желі онкология, қант диабеті, иммунобиологиялық, вирусқа қарсы және басқа да негізгі дәрілерді қамтиды.
Инвестициялық жобалар аясында шамамен 675 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл бастама отандық дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған.





