Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Есей Жеңісұлының «Көкжиектің ар жағы – әлем» атты кітабының таныстырылымы өтті

Есей Жеңісұлының «Көкжиектің ар жағы – әлем» атты кітабының таныстырылымы өтті

Бүгін Алматыдағы А.П. Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада белгілі ақын, журналист, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлының «Көкжиектің ар жағы – әлем» атты кітабы таныстырылды.

«Алғашқы кітабым 31 жасымда шықты. Бұған дейін 4 кітабым жарық көріпті. Үндеместер қоғамында өмір сүреміз. 3-4 адам бұрынғы кітаптарым туралы үн білдіргені болмаса, көп пікір айтылмады. Дұрыс жазып жатырмыз ба, бұрыс жазып жатырмыз ба, білмейсің. Бесінші кітабым   араға 7 жыл салып шығып отыр. Бұл кітаптың ерекшелігі - көп эксперимент жасадым деп ойлаймын. Ұйқас талаптарын бұзған өлеңдер бар. Қоғам ақын, жазушыларды жазғырғыш келеді. Қоғамдағы оқиғаларға үн қоспады, дейді. Осы кітапта Жаңаөзеннен бастап, соңғы оқиғаларға дейін үн қостым. Желілік өлеңдер бар. Анам ауырып жатқанда, қажылық сапарда жүргенде жазылған жырлар бар. Бұл кітапта соңғы 7 жылдағы өміріме куә боласыздар. Пандемия кезінде көп өлең жаздым. Ковид басталған жылы 5 сәуірден - 5 мамырға дейін тоқтамай, барлығы. 55 өлең жаздым. Көпшілігі осы кітапқа кірді», - дейді кітап авторы. 

Таныстырылымға белгілі актер Омар Қиқым, ақын Жарас Сәрсек, жазушы Рысбек Дәбей, әдебиет зерттеушісі Ақбота Абиыр құтысып, ақынды құттықтады. Кеген ауданы Мәдениет үйінің директоры Ернат Ысқақ сөз сөйлеп, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевтың құттықтау хатын табыс етіп, жерлестерінің атынан шапан жапты.

«Есейдің өзі бір әлем. Бозбала шағынан көз алдымда. Есей журналист десең журналист, комментатор десең комментатор, ақын десең ақын, азамат десең азамат. Есейдің бойындағы тазалықты көп адам үйренсе. Мен өзім Есейден көп нәрсе үйрендім. Өлең деген жалғыздықтың туындысы. Өлеңді адам не үшін жазады? Ақыл айту үшін емес, өзін өзі толықтыру үшін жазады. Есейдің жаңа туындысы құтты болсын!», - дейді белгіл ақын, «Үркер» журналының бас редакторы Жарас Сәрсек.

«Абай» баспасы 2000 данамен жарыққа шығарған «Көкжиектің ар жағы – әлем» атты жыр жинағы еліміздегі кітапханаларға таратылмақ.



Есей Жеңісұлы 1978 жылы 9 қаңтарда Алматы облысы, Кеген ауданында дүниеге келген. Ақай Нүсіпбеков атындағы орта мектепті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.

Әр жылдары республикалық «Жас Алаш», «Жас қазақ» газеттерінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды.  «Ұлан» газетінің бас редакторы, «Дала мен қала» газетінің аға тілшісі, «Айқын» газетінің шығарушы редакторы болып істеді.

Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, Ұлттық аударма бюросында редактор болды.

Телевизия саласында да өзіндік қолтаңбасы бар Есей Жеңісұлы  «Қазақстан» ұлттық арнасы спорт хабарлары бөлімінің жетекшісі, «QazSport» телеарнасының директоры болды. Қазіргі кезде қазақстандықтарға спорт комментаторы ретінде танымал.

Өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда 1988 жылдан жариялана бастады. 2009 жылы – «Бір жарық» (жыр жинағы), 2012 жылы – «Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар» (публицистика), 2015 жылы – «Мынау ғазиз дүние» (балаларға арналған әңгімелер), 2017 жылы «Шуақ» (өлеңдер мен әңгімелер) атты кітаптары жарық көрді.

Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, бірнеше республикалық жыр мүшәйрасының, «Дарабоз» балаларға арналған шығармалар бәйгесінің жүлдегері. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

 

Ұқсас материалдар