Еуропада туристер саны артқан сайын бірқатар ел жаңа туристік алымдар енгізіп жатыр.
Былтыр Еуропаға шамамен 800 миллион шетелдік саяхатшы барған. Сарапшылар биыл да туристер легі көп болады деп болжайды.
Барселона қаласында 1 сәуірден бастап туристік салық мөлшері өседі. Енді жалдамалы тұрғын үйде тұрған саяхатшыларға 12,5 еуро көлемінде алым қосылады. Қонақүйлердегі туристік төлем 10-15 еуро аралығында болады. Билік жыл сайын келетін 16 миллионға жуық турист ағынын реттеуді көздеп отыр. Сонымен қатар 2028 жылға дейін қысқа мерзімді жалға беру нарығын шектеу жоспарланған.
Тенерифе аралында жаяу туристер үшін экологиялық алым енгізілді. Енді Эль-Тейд парк аумағына кіру құны шамамен 25 еуро. Жергілікті тұрғындар мен 14 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.
Ал Эдинбург қаласы Шотландияда туристік салық енгізетін алғашқы қала болмақ. 24 шілдеден бастап қонақүйлер мен жалға берілетін пәтерлерде тұру құнының 5 пайызы көлемінде алым алынады. Бұл шара қала бюджетіне жыл сайын шамамен 61 миллион доллар түсіреді деп күтілуде.
Будапешт қаласында да туристер бір түн үшін 2 еуро көлемінде салық төлейді. Ережені бұзғандарға 300-800 еуро аралығында айыппұл қарастырылған.





