Freedom Bank Президентке жасанды интеллектке негізделген жаңа қызметтерін таныстырды

Freedom Bank халықаралық Digital Bridge форумында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасанды интеллектке негізделген жаңа цифрлық өнімдерін таныстырды.
Банк ұсынған басты жаңалықтардың бірі – Freedom AI-ассистенті және кәсіпкерлерге арналған тегін ChatGPT қызметі.
Freedom AI-ассистенті кәсіпкерлерге арналған Freedom Business мобильді қосымшасында іске қосылды. Ол қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді және 49 түрлі банк операциясын орындауға қабілетті. Атап айтқанда, шоттар арасындағы аударымдар, салық төлеу, жалақы аудару, несие төлемдерін жүргізу, шот ұсыну секілді қызметтерді дауыспен басқаруға болады. Ассистенттің дауысы – Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турловқа тиесілі.
Сонымен қатар, Қазақстандағы барлық жеке кәсіпкерлер үшін ChatGPT нейрожелісінің кеңейтілген нұсқасы тегін қолжетімді болды. Бұл қызмет кәсіпкерлерге бизнес процестерін оңтайландыруға, болжамдар жасауға, талдау жүргізуге және рутиналық міндеттерді жеңілдетуге көмектеседі.
Freedom Bank өкілдерінің айтуынша, аталған қызметтер жақын арада Freedom SuperApp қосымшасына да енгізіледі. Бұл жоба аясында банк клиенттері тек қаржылық операциялармен шектелмей, билеттер сатып алу, сақтандыру рәсімдеу, тауарларға тапсырыс беру сияқты әрекеттерді де дауыстық командалар арқылы орындай алатын болады.
Freedom Bank жасанды интеллект технологияларын банктік қызметтерге кеңінен енгізуді көздеп, AI-first стратегиясын жүзеге асырып жатыр.