Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Ғылым Академиясында «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығы ашылды

Ғылым Академиясында «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығы ашылды

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығы ресми түрде ашылып, «Орталық Азия мұраты» атты алты кітаптан тұратын ғылыми-сараптамалық топтамасының тұсаукесері өтті.

 Іс-шараның негізгі мақсаты – ғылым мен сараптамалық ойды дамыту арқылы халықаралық қатынастар саласындағы зерттеулерді институционалдық тұрғыда жүйелеу, Орталық Азия бойынша ғылыми талдаулардың сапасын арттыру және өңірлік зияткерлік диалогты тұрақты ғылыми ынтымақтастық деңгейіне көтеру.

Салтанатты жиынға ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті А. Күрішбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық коммуникациялар департаментінің Алматы қаласындағы басшысы Властимил Самек, сондай-ақ Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасының дипломатиялық өкілдері, халықаралық ұйымдар мен ғылыми қауымдастық мүшелері және жетекші сарапшылар қатысты.

 ҚР Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев бұл бастаманың болашаққа бағытталған маңызды қадам екенін атап өтіп, ғылыми ой тек жүйелі, тәуелсіз және терең болған жағдайда ғана мемлекетке стратегиялық шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

 Іс-шара аясында «Орталық Азия мұраты» ғылыми-сараптамалық топтамасына енген басылымдардың тұсаукесері өтті:

- Д.Қ. Жекенов, «Орталық Азия мұраты» монографиясы;

- А.Е. Мухаметжан, «Қырғыз Республикасы»;

- Г.А. Апсаттарова, «Өзбекстан Республикасы»;

- О.А. Байсалбек, «Түрікменстан»;

- Б.Б. Сариева, «Тәжікстан Республикасы»;

- Ф.А. Қыдырбек, «Қытай – Орталық Азия қатынастары: талдау және жылнама».

 «ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МҰРАТЫ» жобасы - Орталық Азия кеңістігін терең әрі жүйелі зерттеуге бағытталған ұзақмерзімді ғылыми-сараптамалық бастама. Жоба аймақтық зерттеулерді институционалдық негізде дамытуға, тұрақты талдамалық мониторинг жүргізуге, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми-сараптамалық әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілетуге бағытталған. Аталған бастама Орталық Азия бойынша сапалы академиялық контент қалыптастырып, ғылыми қауымдастық пен сарапшылар арасындағы зияткерлік диалогты нығайтуды көздейді.

Ұсынылып отырған «Жылдық жинақ – 2025» сериясы – осы бағыттағы алғашқы жүйелі қадам. Бұл басылымдар, ең алдымен, аймақ елдері туралы ақпараттық базаны қалыптастыруды көздейді. Жинақтарда аймақ елдерінің сыртқы саясатының даму эволюциясы мен жаңа геосаяси бағдарлары, заманауи сын-қатерлері, негізгі статистикалық деректер, мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымы (президенттер институты, Министрлер кабинеті, әкімшілік-аумақтық бөлініс), халықаралық рейтингтердегі орны, екіжақты дипломатиялық қатынастар орнатқан мемлекеттер тізімі, шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен мүшелік ететін халықаралық ұйымдары және 2025 жылға арналған ұлттық даму күн тәртібіне қатысты сараптамалық мақалалар топтамасы енгізілген.

 

Ұқсас материалдар