ІІМ ескертеді: әлеуметтік желідегі танысу жазбалары алаяқтыққа ұласуы мүмкін
Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында жарияланатын «жар іздеймін», «танысқым келеді» деген жазбалардың артында алаяқтар тұруы ықтимал. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
ІІМ мәліметінше, алаяқтар өздерін тартымды адам ретінде таныстырып, жәбірленушімен белсенді хат алмасу арқылы сенімге кіреді. Кейін түрлі сылтаумен қаржылай көмек сұрап, қаражат алған соң байланысын үзіп кетеді.
Көбіне олар қиын жағдай, ауру немесе «тиімді инвестиция» туралы айтып, ақшаны үшінші тұлғаларға немесе криптоәмияндарға аударуды өтінеді.
Полиция интернет арқылы танысқан адамдарға ақша мен жеке деректерді бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз тұлғаларға жеке фотосуреттер жібермеуге шақырады. Күдік туған жағдайда хат алмасуды тоқтатып, полицияға хабарлау қажет.





