Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Инсульттың алдын алуға бағытталған 30 минут

Инсульттың алдын алуға бағытталған 30 минут
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 1957 жылы туған, ми қан айналымының уақытша бұзылуынан, транзиторлық ишемиялық шабуылдан зардап шеккен науқасқа оң жақ ішкі ұйқы артериясына стент қою отасы жасалды.

Тексеру нәтижесінде миды қанмен қамтамасыз ететін оң жақ ішкі ұйқы артериясының сағасы қатты тарылып, бітелуге жақындағаны анықталды. Мұндай жағдай инсульттың даму қаупін арттырады.

Қауіпті азайту үшін мамандар қан тамырының тарылған бөлігіне арнайы металл тор - стент орнатты. Бұл әдіс қан тамырының саңылауын қалпына келтіріп, ашық ота жасамай-ақ қан айналымын жақсартуға мүмкіндік береді.

Ота жергілікті жансыздандыру арқылы жасалып, 30 минутқа созылды.

Ота жасаған мамандар:
- Нейрохирург - Максим Аргумбаев
- Ассистент - Дархан Жетпісбаев
- Оталық медбике - Эльмира Аюпова.

Нейрохирург Дархан Жетпісбаевтың айтуынша, ми қан айналымының уақытша бұзылуы инсульт қаупін ескертетін маңызды белгі болуы мүмкін. Сондықтан белгілер өздігінен басылса да, дәрігерге қаралып, қажетті тексеруден өту керек. Уақтылы анықталған дерт пен дұрыс таңдалған ем қайталама ишемиялық асқынудың қаупін азайтуға көмектеседі.

Есте сақтаңыз! Қол-аяқтың кенеттен әлсіреуі немесе ұюы, беттің қисайып кетуі, сөйлеу не көру қабілетінің бұзылуы байқалса, белгілер тез басылған күннің өзінде, дереу 103 нөміріне қоңырау шалыңыз.

Ұқсас материалдар