Қазақстан Үкіметі Қарағанды фармацевтикалық кешені компаниясының жаңа фармацевтикалық өндіріс салу және жаңғырту жобасын мақұлдады.
Жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың импортты алмастыру және отандық дәрі өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қолға алынған. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 42,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында 74 түрлі дәрілік зат өндіру жоспарланған.
Өндіріс:
– онкологиялық;
– аутоиммунды;
– орфандық ауруларға арналған инновациялық препараттарды шығаруға бағытталады.
Сондай-ақ зауытта иммунобиологиялық препараттар, белсенді фармацевтикалық ингредиенттер мен биотехнологиялық өнімдер өндірісі жолға қойылмақ.
Жоба аясында Қарағандыда 70-ке жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Үкімет мәліметінше, Қазақстанның фармацевтика саласы соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өткен жылдың қорытындысында өндіріс көлемі 8,7 пайызға артып, 191,1 млрд теңгеге жеткен.
Ал инвестиция көлемі 91,3 млн доллардан 142,8 млн долларға дейін өскен.
Сондай-ақ 2025 жылдың желтоқсанынан бері салада жалпы құны 360 млрд теңге болатын жеті инвестициялық келісім жасалған. Олар 474 түрлі дәрілік зат өндірісін іске қосып, 1 170-тен астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.





