Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Картоп бағасының өсуіне не себеп?

Картоп бағасының өсуіне не себеп?

Елімізде картоп бағасы шарықтап кетті. Қазір дүкенде 480 теңге, ал базарда 380 теңгеден саудаланып жатыр.

Картопқа деген аса жоғары сұраныс ішкі нарыққа әсер еткені атап өтілді. Мәселен, соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді. Алайда, Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері елдегі картоп нарығындағы қалыптасқан ахуалға тұрақты түрде бақылауды енді жүргізіп жатыр.

Көрші елдердің, әсіресе Өзбекстан тарапынан сұраныстың артуына және экспорттық бағаның жоғары болуына байланысты биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өсті.

«Осыған байланысты, ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды. Бұл шара ЕАЭО елдеріне қолданылмайды, алайда бұл бағыттағы экспортқа бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды», делінген Үкіметтің хабарламасында.

Қабылданған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарыққа қатысушылар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.

Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органдары монополияға қарсы органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, жағдайға күшейтілген қадағалау жүргізеді және сауда қызметі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы бұзған жағдайда олар нарыққа қатысушыларға шұғыл ықпал ету шараларын қабылдайды.

Десе де, дүкен сөрелерінде картоп бағасы күрт өсіп кетті.  АШМ деректері бойынша, бүгінгі таңда қолда бар қор 2025 жылғы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық жабу үшін жеткілікті. 19 қаңтардағы жағдай бойынша, қорлар сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда 850 мың тоннадан асады. 

 

Ұқсас материалдар