Қазақстан 2030 жылға дейін бес трансшекаралық хабты іске қосуды жоспарлап отыр
Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елдегі көлік-логистикалық әлеуетті арттыру мақсатында 2030 жылға дейін бес трансшекаралық хаб ашылатынын хабарлады.
Барлық хабтар бойынша басқарушы компаниялар анықталып, инфрақұрылым жүргізіліп жатыр.
Өзбекстанмен шекарадағы «Орталық Азия» орталығына «Тұран» АЭА мәртебесі берілді. Жобаға 185 млрд теңге инвестиция тартылып, 1150 жұмыс орны құрылады. Орталық 2026 жылы толық іске қосылады.
Орал маңындағы «Еуразия» хабында жалпы құны 140 млрд теңгеге 16 жоба жоспарланған. Қорғас торабында екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр: «Қорғас» ХШЫО АЭА аумағында 234 млрд теңгеге 41 жоба, ал «Қорғас – Шығыс қақпасында» 848 млрд теңгелік 32 жоба жүзеге асырылады.
Каспий бағытында Ақтау портында контейнерлік хаб және Құрықта «Саржа» теңіз терминалы салынып жатыр. Контейнерлік хабтың екінші кезеңі жыл соңына дейін аяқталады, ал «Саржа» терминалында астық пен химиялық жүктерге арналған нысандардың құрылысы жалғасып жатыр.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізіндегі индустриялық сауда-логистикалық кешенде жалпы құны 385 млн доллар болатын 18 жоба дайындалған. Кешен 2026 жылға қарай іске қосылып, арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алады.





