АҚШ Мемлекеттік департаменті 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді уақытша тоқтатты.
Шектеу енгізілген елдердің қатарында Қазақстан да бар. Бұл туралы Fox News телеарнасы хабарлады.
Телеарна мәліметінше, жаңа шектеулер 21 қаңтардан бастап күшіне енеді және қосымша шешім қабылданғанға дейін қолданыста болады. Тізімге Ресей, Ауғанстан, Бразилия, Мысыр, Иран, Ирак, Йемен, Нигерия, Сомали, Таиланд және басқа да мемлекеттер енгізілген.
АҚШ Мемдепартаментінің қызметтік жазбасында бұл шешім өтініш иелерін тексеру талаптарын күшейту және «қоғамға салмақ салуы мүмкін» тұлғалардың елге кіруінің алдын алу мақсатында қабылданғаны айтылған. Енді виза беру кезінде қауіпсіздікпен қатар әлеуметтік тәуекелдер де ескеріледі.
Бұған дейін АҚШ билігі қылмыстық құқықбұзушылықтарға байланысты 100 мыңнан астам визаны жойған. Сондай-ақ шетелдік студенттерге қатысты саясаттың қатаңдауына байланысты 6 мыңнан астам студенттік виза кері қайтарылған.
Осылайша Вашингтон елге кіретін азаматтарды іріктеу талаптарын бұрынғыдан да қатаңдатпақ.





