Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан Беларусь астанасында өз Сауда үйін ашады

Қазақстан Беларусь астанасында өз Сауда үйін ашады

Қазақстан Минскіде отандық тауарларды Беларусь нарығына шығаруға арналған тұрақты алаң – қазақстандық Сауда үйін құру жұмысын бастады.

Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, жоба кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. QazTrade Қазақстан өнімдерінің тізбесін және тауарларды жергілікті бөлшек саудаға жеткізу арналарының негізгі бағыттарын айқындаған. Келесі кезеңде тауар ассортиментін кеңейту, серіктестік бағдарламаларды іске қосу және офлайн-алаңды ашуға дайындық жүргізіледі.

Минскідегі жұмыс сапары аясында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Беларусь Премьер-министрі Александр Турчинмен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар Беларусь астанасында QazTrade базасында қазақстандық Сауда үйін құру туралы келісімге келді.

«Біз өзара сауданы арттырудың нақты әлеуетін көріп отырмыз. Қазақстан компаниялары жаңа нарықтарды игеруге дайын. Ұсынылып отырған механизм бұл жұмысты тиімді жүргізуге жол ашады», – деді Арман Шаққалиев.

Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың сегіз айында Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 739,5 млн долларға жетіп, бір жылда 19,9% өскен. Оның ішінде Қазақстан экспорты 55,2% өсіп, 183,2 млн долларды құрады. Беларусьтан импорт 556,3 млн долларға жетіп, 11,6% артқан.

Өнеркәсіп кооперациясы да ынтымақтастықтың маңызды бағыты ретінде қарастырылды. Қазіргі уақытта жалпы құны 204 млн доллар болатын 12 бірлескен жоба жүзеге асырылуда. Бұл өндірістерде 1,7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бірлескен кәсіпорындар тракторлар, астық және мал азығын жинайтын комбайндар, қозғалтқыштар, өрт сөндіру және коммуналдық техника, лифт жабдықтары, сондай-ақ карьер және шахта техникасын шығарады. Тараптар өндіріс локализациясын арттыру және өнім көлемін ұлғайту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Александр Турчин Қазақстанмен әріптестіктің Беларусь үшін маңызын атап өтті:
«Қазақстан Республикасымен қарым-қатынасымыз ерекше мәртебеге ие. Екі ел басшыларының күш-жігерінің арқасында қалыптасқан бұл қатынастарды жоғары бағалаймыз. Барлық мәселелер Үкіметтің ерекше бақылауында», – деді ол.

Сондай-ақ миссия аясында бизнес-форум мен екіжақты келіссөздер өтті. Компаниялар жаңа ынтымақтастық бағыттарын талқылады. QazTrade мен Беларусь әмбебап тауар биржасы биржалық сауда саласында әріптестік орнатуға уағдаласты. Бұдан бөлек, QazTrade пен Ұлттық маркетинг орталығы аналитикалық деректер алмасу және тауарларды ілгерілету бойынша меморандумға қол қойды.

Министрлік бұл келісімдер қазақстандық өндірушілердің Беларусь нарығына шығуын жеңілдетіп, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтатынын атап өтті.

Ұқсас материалдар