Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан бидайы алғаш рет Вьетнамға экспортталды

Қазақстан бидайы алғаш рет Вьетнамға экспортталды

Қазақстандық жоғары сапалы бидай тиелген алғашқы транзиттік контейнерлік пойыз Қытайдың Ляньюньган портына келіп жетті.

Бұл – Вьетнамға бағытталған және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жіберген сегіз пойыздың біріншісі. Жеткізу мультимодальды (құрлықтық-теңіздік) бағыт бойынша іске асырылып жатыр.

1,7 мың тонна бидай 62 контейнерге тиелген. Олар теңіз кемелеріне ауыстырылғаннан кейін Вьетнамның Хайфон портына жөнелтіледі.

Қазақстан астығының Вьетнамға экспортталғаны туралы Қытайдың орталық телеарналары мен халықаралық жаңалықтар желісінде арнайы сюжеттер көрсетілді. Қытай БАҚ мәліметінше, Ляньюньган портындағы логистикалық хаб «бір контейнер – бір сервис» қағидасымен жұмыс істейді. Бұл әдіс жүктің бастапқы нүктеден соңғы межеге дейін қайта тиеусіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Портта теміржолдан теңізге ауыстыру бар-жоғы бір сағат ішінде жүзеге асқан.

Сонымен қатар, қазақстандық бидай арнайы «жасыл дәліз» арқылы рәсімделіп, барлық кедендік және логистикалық рәсімдер жеделдетілген режимде өтті.

– Бір контейнермен межелі елге дейін жеткізу форматы – қазақстандық экспорт үшін оңтүстік-шығыс Азия бағытында тиімді логистикалық шешім. Біз кеден, порт және теміржол ведомстволары тарапынан толық қолдау алдық. Нәтижесінде порттағы рәсімдеу 70%-ға жеделдеді, – деді Қытай-Қазақстан логистикалық ынтымақтастық базасының басшысы Гэ Хэнсюэ.

Бидайдың алғашқы партиясы Ақмола облысындағы астық қабылдау кәсіпорындарында дайындалған. Жалпы, Вьетнамға 15 мың тоннаға жуық азықтық бидай жөнелту жоспарланып отыр.

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асылхан Жүнішевтің айтуынша, жаңа логистикалық бағыттар қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс шетел нарықтарына шығуына жол ашуда.

– Қытай серіктестерімен бірлесіп құрылған инфрақұрылым экспорттық әлеуетімізді дамытуда нақты нәтиже беріп отыр, – деді ол.

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері корпорация 196 мың тонна астықты шетелге экспорттаған. Ірі партиялар Иранға, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Солтүстік Африка елдеріне жеткізілді.

Ұқсас материалдар