Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан C5+1 форматында мәдени ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды

Қазақстан C5+1 форматында мәдени ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды

Ташкентте Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министрлерінің C5+1 форматындағы кездесуі өтіп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жаңа бастамалар талқыланды.

Қазақстан атынан жиынға Аида Балаева қатысты. Іс-шараға сондай-ақ Сара Роджерс бастаған америкалық делегация қатысты.

Кездесу барысында тараптар мәдени мұраны сақтау, музей ісін дамыту, мәдени құндылықтарды цифрландыру және халықаралық мәдени байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.

Аида Балаева өткен жылы Вашингтонда өткен Орталық Азия – АҚШ саммиті аясында мәдени мұраны сақтау жөніндегі Бірлескен мәлімдеме қабылданғанын еске салып, оның өңірлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге негіз болғанын атап өтті.

Қазақстан тарапы C5+1 форматында мәдениет пен креативті индустриялар саласындағы әріптестікті кеңейтуді, цифрлық жобаларды іске асыруды, кәсіби тәжірибе алмасуды, туристік бағыттарды ілгерілетуді және халықаралық серіктестікті дамытуды ұсынды.

Кездесу қорытындысында қатысушылар Орталық Азия елдері мен АҚШ мәдениет министрлері кеңесінің хаттамасына қол қойды. Құжатта мәдени мұраны қорғау бағытындағы міндеттемелерді жүзеге асыру және өнер, әдебиет, театр, кино мен музыка салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту көзделген.

Сондай-ақ кездесу аясында Аида Балаева мен Сара Роджерс екіжақты келіссөз өткізіп, мәдени байланыстарды дамыту және жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар қол жеткізілген келісімдер Қазақстан, Орталық Азия елдері және АҚШ арасындағы мәдени әріптестікті одан әрі нығайтуға негіз болатынын атап өтті.

Ұқсас материалдар