Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі отандық рейтингтік агенттіктің пайда болуына жағдай жасайтын «Кредиттік рейтинг агенттіктері туралы» заң жобасын әзірлеуде.
Қаржы секторын дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде әзірленген заң жобасы сейсенбі күні «Ашық НҚА» порталында жарияланды және 25 ақпанға дейін қоғамдық талқылау үшін ашық болады.
«Заң жобасы «Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмысы қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 907 қаулысына сәйкес әзірленді және кредиттік рейтинг агенттіктерінің құқықтық мәртебесі мен жұмыс қағидаттарын белгілеуге бағытталған», – деп нақтылады қаржы реттеушісі баспасөз хабарламасында.
Агенттіктің хабарлауынша, заң жобасы мүдделер қақтығысын реттеу, ақпаратты ашу және рейтингтік агенттіктердің корпоративтік басқаруына қойылатын талаптарды белгілеуді, сондай-ақ олардың қызметіне бақылауды жүзеге асыратын органның өкілеттіктерін анықтауды көздейді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заң қабылданса, рейтингтік қызметтер нарығында қазақстандық сегмент пайда болып, несие агенттіктерінің қызметтерінің құны төмендейтініне сенімді. Сондай-ақ агенттікке кредиттік рейтингтік агенттіктерді бақылау және қадағалау өкілеттгін беру жоспарлануда.
«Заң жобасын қабылдау рейтингтік субъектілердің және кредиттік рейтинг агенттіктері берген кредиттік рейтингтерді пайдаланушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қажетті қорғауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, заң жобасын қабылдау рейтингтік қызметтер нарығындағы бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Бұл бизнестің кең ауқымы үшін рейтингтік қызметтердің құнын төмендетуге және қолжетімділігін арттыруға, рейтингтік қызметтердің жоғары сапасын қамтамасыз етуге және капитал нарығының одан әрі дамуына ықпал етеді», – делінген жобаны талқылау туралы түсіндірме хатта.
Сондай-ақ, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізу заң жобасы қабылданғаннан кейін жеті жыл ішінде жүзеге асатыны нақтыланды. «Заң жобасын қабылдау қаржылық шығындарға, оның ішінде республикалық бюджеттен шығыстарға әкеп соқпайды», – делінген хабарламада.
Қазақстандағы рейтингтік қызметтер нарығын халықаралық S&P, Moody's және Fitch рейтингтік агенттіктері ұсынады.
Несие агенттігін құру жоспары алғаш рет 2023 жылы сөз болды. Сол кезде агенттіктің бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Дәулетбақ қаржы нарығының ашықтығы мен тұрақтылығы үшін агенттік пен тиісті заңнамалық база құрылатынын тілге тиек еткен еді.