Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

«Қазақстан темір жолы» Орталық Азия бағытындағы жүк тасымалын уақытша тоқтатты

 «Қазақстан темір жолы» Орталық Азия бағытындағы жүк тасымалын уақытша тоқтатты

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Орталық Азия елдеріне бірқатар жүктерді тасымалдауға уақытша шектеу енгізді.

Компания мұндай шешімге астық экспортына басымдық беру мақсатында барған. ҚТЖ мәліметінше, қазіргі таңда Орталық Азия бағытындағы экспорттық тасымал көлемінің айтарлықтай артуы теміржол желісінде қиындықтар туғызған. Әсіресе, Сарыағаш халықаралық өткелі арқылы өтетін жүк ағыны күрт көбейген.

«ҚТЖ Орталық Азия елдеріне қазақстандық экспорттың едәуір бөлігі өтетін Сарыағаш халықаралық өткелінде тасымалдау процесін тұрақтандыру жөнінде шаралар қабылдауда. Қазақстандық экспорттың 50%-дан астамы (айына шамамен 700 мың тонна) осы өткел арқылы өтеді, оның 70%-ға жуығы Өзбекстан станциясына тиесілі», – делінген компания хабарламасында.

Дәнді дақылдарды тасымалдаудың маусымдық шоғырлануы шекара маңындағы инфрақұрылымға айтарлықтай жүктеме түсірген. Соның салдарынан Сарыағаш станциясы маңында 8 400-ден астам вагон жиналып қалған. Бұл жағдай Өзбекстан темір жолы тарапынан пойыздарды уақытылы қабылдамаумен де байланысты.

Осыған байланысты ҚТЖ 12–20 қараша аралығында астық пен ұнтақтау өнімдерін, сондай-ақ тез бұзылатын жүктерді (көкөністерді) қоспағанда, Орталық Азия елдеріне бағытталған барлық жүкті Сарыағаш станциясы арқылы тасымалдауға қабылдауға уақытша тыйым салды.

Бұл шара астық экспортына басымдық беріп, элеваторлар мен ұн тарту кәсіпорындарының қоймаларын босатуға мүмкіндік бермек.

Ұқсас материалдар