Қазақстанның теміржол саласында цифрлық трансформацияны жеделдету мақсатында жасанды интеллект негізіндегі Smart Rail жүйесі енгізіледі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта теміржол саласын толық цифрландыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның аясында саланың барлық негізгі нысандары бойынша ақпараттарды біріктіретін бірыңғай Data Lake деректер базасы қалыптастырылуда.
«Алдағы уақытта Smart Rail жүйесін енгізу көзделген. Бұл жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық құралдарды пайдалану арқылы теміржол қозғалысын басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде операциялық шығындар азайып, қауіпсіздік деңгейі жоғарылайды», – деді министр.
Жаңа жүйе теміржол инфрақұрылымының жай-күйін бақылауға, жүк және жолаушылар тасымалын тиімді жоспарлауға, сондай-ақ ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сонымен қатар Үкімет отырысында алдағы үш жылға арналған теміржол саласын дамыту жоспары таныстырылды. Оған сәйкес, елімізде 1391 шақырым жаңа теміржол желісі салынады.
Бұдан бөлек, мың шақырымнан астам теміржолды жаңғырту, вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту, логистикалық терминалдар желісін кеңейту және жаңа цифрлық сервистерді іске қосу жоспарланған.
Сарапшылардың пікірінше, Smart Rail жүйесін енгізу Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, теміржол тасымалының тиімділігі мен қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде елдің Еуразиядағы маңызды көлік-логистикалық хаб ретіндегі позициясын нығайта түспек.





