Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан 2026 жылдың жаз мезгілінде «Бахри-Точик» су қоймасын пайдалану тәртібі бойынша келісімге келді.
Тараптар маусым-тамыз айларына арналған жұмыс режимін бекітіп, үшжақты хаттамаға қол қойды.
Келісімге сәйкес, жазғы вегетация кезеңінде Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы диқандарды суармалы сумен қамтамасыз ету үшін «Бахри-Точик» су қоймасынан су жіберіледі.
Құжатқа Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрі Джума Далер және Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев қол қойды.
Нұржан Нұржігітовтың айтуынша, оңтүстік өңірлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда. Министр қол жеткізілген келісімдерді Орталық Азия елдерінің сындарлы ынтымақтастығы мен өзара қолдауының нәтижесі деп бағалады. Оның сөзінше, қабылданған шаралар вегетация кезеңінің тұрақты өтуіне және отандық диқандарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысында үш елдің су шаруашылығы ведомстволары өңірдегі су ресурстарын ұтымды әрі өзара тиімді пайдалану бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.





