Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтергеннен кейін, еліміздегі көптеген банктер ипотекалық бағдарламаларын уақытша тоқтатқан еді.
Дегенмен, қазіргі таңда бірқатар қаржы ұйымдары нарыққа қайта оралып, жаңа шарттармен ипотека беруді бастады, деп хабарлайды Krisha.kz порталы.
Сарапшылардың айтуынша, ипотека нарығы құлдыраған жоқ, бірақ айтарлықтай өзгерістерге ұшырады.
Қай банктер ипотека беруді қайта бастады?«Классикалық төмен пайызды бағдарламалар жойылып, олардың орнына серіктестік және аралас үлгідегі шешімдер келді. Қазір банктер құрылыс компанияларымен бірігіп, түрлі форматтағы ипотекалық өнімдерді ұсынып отыр», — делінген жарияланымда.
Halyk Bank
Halyk Bank қазір бастапқы тұрғын үйге арналған серіктестік ипотека бағдарламаларын және екінші нарықтағы баспанаға несиелерді ұсынады.
Пайыздық мөлшерлеме жылына 20–25% шамасында.
Банк ЦентрКредит (BCC)
BCC те ипотеканы қайта іске қосқан банктердің қатарында.
Сыйақы мөлшерлемесі 20-25% аралығында.
Банк қарыз алушыларға қойылатын талаптарды күшейткен.
Freedom Bank
Freedom Bank қазіргі уақытта стандартты және каскадтық ипотека түрлерін жаңартып, техникалық дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.Жақын уақытта жаңартылған ипотекалар қосымша мен сайтта қолжетімді болады.
Қазір банк «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы мен серіктестік жобалар бойынша ипотека береді.
Altyn Bank
Altyn Bank әзірге тек бастапқы нарықтағы тұрғын үйлерге арналған серіктестік ипотеканы ұсынады.
Классикалық ипотека бағдарламалары уақытша тоқтатылған.
Қазіргі жағдайда төмен пайызды ипотекалар сиреп, банктер жоғары мөлшерлемемен және аралас қаржыландыру үлгісімен жұмыс істей бастады.
Сонымен қатар, ипотекалық несиелер бойынша ең жоғары мөлшерлемені 25%-дан 20%-ға дейін төмендету қарастырылғанымен, бұл шешім 2026 жылдың жазына дейін кейінге қалдырылуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, бұл қадам банктердің тұрақтылығын сақтап, ипотекалық несиелердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.





