Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда бюджет тапшылығы бола ма?

Қазақстанда бюджет тапшылығы бола ма?

Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында айтты.  

Ол республикалық бюджеттің түсімі мен кірістердің болжамды сомасына кеңірек тоқталды.

Жалпы, республикалық бюджеттің кірістері 2 трлн теңгеге азайған. Оның өз себебі де бар. 

– 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы, бюджеттің келесі параметрлеріне байланысты әзірленді. 

Бірінші, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) салық түсімдерін 3,1 трлн теңгеге азайтуға және салықтық емес түсімдерді 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға байланысты 2 трлн теңгеге азайды. 

Екінші, экономиканың өсу қарқынын төмендету тәуекелдері жағдайында өңірлік өсу деңгейін ұстап тұру үшін, сондай-ақ биыл республикалық бюджеттің шұғыл шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін, Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт 2 трлн теңгеге ұлғайтылды. 

Үшінші, депутаттардың ұсыныстарын ескере отырып, Үкіметтік борыш қызметіне 150 млрд теңге сомасындағы қаражатты қайта бөлу қарастырылған.

Төртінші, бюджет тапшылығында 136,1 млрд теңге сомасына 2023 жылдың соңына бюджет қаражатының қалдықтары және жекелеген жобаларды іске асыруға қарыздарды тарту ескерілді, – деді Қаржы министрі. 

Мәди Тәкиев айтқан статистикада 2024 жылға арналған түсімдердің болжануы бар. Ол бюджет тапшылығының болжамын да айта кетті. 

– Биыл бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) 2,7% деңгейінде болжануда. Бюджет шығыстары 24,1 трлн теңгені құрайды. Бұл көрсеткіштер кепілдік берілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны мен бюджет тапшылығы бойынша бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді, – деді министр.

Ұқсас материалдар