Елімізде деректердің айналымын қамтамасыз ететін ашық және реттелген нарық құрылады.
Қазақстанның Цифрлық кодексі жобасы аясында цифрлық деректердің еркін айналымы үшін жағдай жасалмақ. Болашақта қалыптастырылған және иесіздендірілген деректер жиынтығы азаматтық құқық объектісіне айналып, биржада саудалануы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева мәлімдеді.
Цифрлық кодексте алғаш рет цифрлық деректердің еркін айналымы қағидаты бекітіліп отыр.
«Цифрлық деректердің өзі, егер олар тіркелмеген, бөліп көрсетілмеген, сәйкестендірілмеген болса, еркін айналым қағидаты қолданылады. Яғни жалпы деректер ағыны еркін айналыста болады. Тек қолжетімділігі шектеулі деректерге (құпия, жеке, корпоративтік деректер және тағы басқа) арнайы құқықтық режимдер қолданылады. Бұл режимдер бұрынғыдай заңнамада сақталады және жұмыс істей береді», – деді Смышляева Мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттың айтуынша, деректер белгілі бір пішімде сәйкестендіріліп, нақты датасет түрінде рәсімделген сәттен бастап олар заңдық тұрғыдан деректер ұғымына енеді.
«Осы сәттен бастап біз оларды азаматтық құқық объектісі ретінде танимыз және олар айналымға қатыса алады. Бұл – деректер экономикасындағы бетбұрысты сәт. Себебі дұрыс қалыптастырылған және сапасы расталған мұндай датасеттерді кейін монетизациялауға мүмкіндік туады», – деді ол.
Смышляеваның айтуынша, алдағы уақытта цифрлық деректер толыққанды биржалық тауарға айналуы мүмкін.
«Кодексте деректермен алмасу және олардың айналымы үшін арнайы платформа қарастырылған. Бұл процестің ашықтығын қамтамасыз етеді. Болашақта мұндай платформалар деректермен сауда жасауға арналған биржалық форматқа айналуы ықтимал. Мысалы, мұндай тәжірибе Қытайда бар – ол жерде деректер биржасы белсенді дамып жатыр. Сондай-ақ біздің қолданыстағы биржалар – қор, тауар биржалары – деректермен сауда жүргізу үшін құралдарын бейімдеуі мүмкін. Уақыт өте келе біз толыққанды деректер биржасына көшеміз деп үміттенеміз. Әзірге платформалардан бастаймыз», – деді депутат.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун деректердің өркениетті нарығын қалыптастыру жолдарын түсіндірді.
«Ең алдымен деректер айналымының өзі ашық болады. Ол арнайы платформаларда жүзеге асады. Бұл процесті реттеуге және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Екіншіден, деректердің бірыңғай тіркелімдері мен каталогтары бекітіледі, яғни жүйелі сипаттама енгізіледі. Бұл деректер сапасын бағалау тетіктерін енгізуге жол ашады», – деді Мун.





