Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда көлік жобалары жеделдетіледі

Қазақстанда көлік жобалары жеделдетіледі

Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамытуға арналған кеңесте инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуді тапсырды.

Жиында көлік саласының даму қарқыны талқыланды. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында саланың өсімі 12,8%-ға жеткен. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласының жалпы өнім көлемі 12,2 трлн теңгені құрады.

Өткен жылы ұзындығы 2 мың шақырым болатын төрт ірі автожол жобасы аяқталды. Олардың қатарында:
– «Қалбатау – Майқапшағай»
– «Талдықорған – Өскемен»
– «Атырау – Астрахан»
– «Қарағанды – Алматы» бағыттары бар.

Қазір «Ақтөбе – Қызылорда», «Бейнеу – Сексеуіл», «Орталық – Батыс» және «Қарағанды – Жезқазған» бағыттарында жұмыстар жалғасып жатыр. Жалпы жол жөндеу көлемі 13 мың шақырымға жеткен.

Қазақстан темір жолы деректеріне сәйкес, 2025 жылы транзиттік тасымал 33 млн тоннаға жетіп, бір жылда 20%-ға артқан.

Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш тағы 14%-ға өсіп, 9 млн тоннаға жетті.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты да белсенді дамып келеді. Бұл бағыт арқылы жүк жеткізу мерзімдерін қысқарту және тарифтік саясатты оңтайландыру көзделген.

Премьер-министр бірқатар жобалардың баяу іске асырылып жатқанын сынға алды. Әсіресе:
– «Бақты – Аягөз» теміржол желісіндегі ресурстардың жеткіліксіздігі;
– өткізу пункттерін жаңғырту қарқынының төмендігі;
– контейнер тасығыш кемелерді сатып алу процесінің кешігуі атап өтілді.

Осыған байланысты барлық жобаларды жеделдету және ресурстарды тиімді жұмылдыру тапсырылды.

Авиация және цифрландыру

2025 жылы елде 20,8 млн жолаушы тасымалданған. Ал әуежайлар 31,8 млн адамға қызмет көрсетті.

2028 жылға дейін 11 ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Оның ішінде:
– 4 жаңа әуежай;
– 2 ұшу-қону жолағы;
– 5 қаладағы жаңғырту жұмыстары бар.

Сонымен қатар халықаралық бағыттар саны 135-ке дейін ұлғаймақ.

Көлік саласында цифрландыру да қарқынды жүріп жатыр. Рұқсат құжаттарының 70%-ы электронды форматқа көшірілген, ал халықаралық тасымалдарға арналған жаңа жүйелер енгізілуде.

Үкімет басшысы транзит саласы Қазақстанның басты бәсекелік артықшылықтарының бірі екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз – барлық бағыт бойынша жұмысты жеделдету», – деді Олжас Бектенов.

Ұқсас материалдар