Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда су есептеу құрылғыларын пайдалану ережелері жаңартылды

Қазақстанда су есептеу құрылғыларын пайдалану ережелері жаңартылды

Қазақстанда су жабдықтау және су төгімді жүйелеріндегі су есептеу құрылғыларын таңдау, орнату және пайдалану тәртібі жаңарды.

Жаңа ережелерді өнеркәсіп және құрылыс министрі өзінің бұйрығымен бекітті.

Құжатта есептегіштердің метрологиялық тексерісі мен ауыстырылуына қойылатын талаптар нақтыланып, су есептеу тораптарының минималды жабдықталу деңгейі белгіленді. Сонымен қатар, «автоматтандыру», «қашықтан деректер жинау және беру» сияқты жаңа терминдер енгізілді.

Ережеге сәйкес, су есептеу құралдары тұрғын және тұрмыстық емес ғимараттардың әрбір кірісінде орнатылуы тиіс. Көппәтерлі үйлерде жалпы үйлік су есептегіші енгізіліп, ортақ тұтыну көлемі тіркеледі.

Тексеру мен ауыстыру талаптары:

  • Есептегіш мемлекеттік өлшеу құралдары реестрінде тіркеліп, мөрі мен сертификаты болуы қажет;
  • Межтексеру мерзімі өткен құрал есептеулерде пайдаланылмайды;
  • Істен шыққан жағдайда уақытша есеп үш айдың орташа тұтынуы бойынша жасалады, бірақ бір айдан аспайды;
  • Құралды ауыстыру 30 күн ішінде жүзеге асырылуы тиіс.

Мөрі бұзылған, мерзімі өткен немесе реестрде тіркелмеген есептегішті пайдалануға тыйым салынады. Ақаулар немесе заңбұзушылықтар анықталған жағдайда жауапкершілік тұтынушыға жүктеледі.

Жаңа ережелер құрылысшылардың, тұрғын үй иелерінің және кондоминиум басқару органдарының жауапкершілігін күшейтіп, су ресурстарын есепке алуда ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Ұқсас материалдар