Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда тағы бір газет жабылды

Қазақстанда тағы бір газет жабылды

«Курсив» өзінің газет түріндегі нұсқасын шығармайтын болды. 2025 жылдың 27 ақпаны күні басылымның соңғы саны жарық көрді.

«Шын мәнінде, «Курсив» әлемдегі мыңдаған басылымдар сияқты проблемаларға тап болды», – деп жазды «Курсив» газетінің шеф-редакторы Татьяна Николаева өз мақаласында.

Оның айтуынша, коронавирус пандемиясынан кейін басылымның таралымы 12,5 мыңнан 8 мың данаға дейін қысқарып, жазылушылар саны 3,5 мыңнан 1,5 мыңға дейін төмендеп кеткен. Салдарынан газетке жарнама берушілер қатары кеміп, ақылы таралым азайған.

«2025 жылдың басында газет баспаханасын ауыстырды. Қазір баспа үйі де жабылып жатыр. Себебі, цирлық әлемде қағаз түріндегі басылымдарға орын қалмай барады. Алайда, «Курсив» басылымының редакциясы онлайн режимде жұмысын жалғастырады», – деп жазды Т.Николаева.

«Курсив» газеті 2002 жылдың шілде айынан бастап шығып тұрды. Басылымның өз статистикасына сүйенсек, осы уақыт ішінде 1073 нөмірі жарық көрген. Газетте көрсетілген дерекке сәйкес, оның иесі – «Alteco Partners» ЖШС. БАҚ-тың өз сайты, YouTube және Telegram арналары бар.

Айта кетейік, 2023 жылы ақпанда Қазақстандағы ең көне басылымдардың бірі, 1920 жылдан бері жарық көріп келген «Экспресс К» газеті жабылған еді. Оның жабылуы мүмкін екендігі 2022 жылдың қарашасында белгілі болған. Бұл ERG-тің «өз бизнесіне – тау-кен, металлургиялық қызметке назар аудару» және «медиа ресурстарды иеленуден бас тарту» жоспарларымен байланысты еді.

Ұқсас материалдар