Қазақстанда жүлде қоры 1 млн доллар болатын халықаралық AI-кинофестиваль өтеді
Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдерге арналған алғашқы халықаралық кинофестиваль Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) өтеді. Жоба және қатысу шарттары туралы ұйымдастырушылар Астанада өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Фестиваль кино, технология және креатив индустрияны тоғыстырады. Негізгі мақсат — нейрожелілердің кино өндірісіндегі толыққанды құралға айналып келе жатқанын көрсету және жаңа буын авторларына индустрияға жол ашу.
Фестивальдің аясында қысқаметражды фильмдердің халықаралық байқауы өтеді. Өтінімдерді кәсіби командалар да, жеке креаторлар да әлемнің кез келген елінен ұсына алады.
«Фестиваль жаңа есімдер мен форматтар үшін тұрақты халықаралық алаңға айналады деп сенеміз. Ең бастысы — қатысу бәріне қолжетімді, бұл жобаның негізгі қағидаты», — деп атап өтті байқау авторларының бірі Айзатулла Хуссейн.
Байқауға зорлық-зомбылықты, тыйым салынған насихатты қамтитын немесе авторлық құқықты бұзатын фильмдер қабылданбайды. Ерекше назар түпнұсқалыққа аударылады, өзгенің шығармасын қайта өңдеу жеткіліксіз.
«Басқалардың зияткерлік меншігін, мейлі ол музыка немесе дайын сценарий болсын, пайдалануға болмайды. Біз жаңа контент жасауды басты басымдық ретінде қарастырамыз», — деді кинопродюсер, фестиваль ұйымдастырушысы Алмас Жали.
Өтінім қабылдау 2026 жылдың мамыр айында басталып, тамыз айының соңына дейін жалғасады. Қатысушылар ұзақтығы 10 минутқа дейінгі, жасанды интеллект қолданылған қысқаметражды фильм дайындап, оны фестиваль платформасына жүктеуі тиіс.
Фестиваль 2026 жылдың күзінде өтеді. Бағдарлама аясында байқау көрсетілімдері, AI-контентке арналған конференция, сондай-ақ авторлар мен продюсерлерге арналған питч-сессиялар ұйымдастырылады. Іс-шара әлемнің түкпір-түкпірінен креаторларды, технологиялық компанияларды, сарапшылар мен инвесторларды біріктіреді деп күтілуде. Жалпы жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл AAIFF-ті өз сегментіндегі ең ірі фестивальдердің біріне айналдыруы мүмкін.





