Қазақстандағы кедендік тексерістердің 81% пайызынан заңбұзушылық анықталды
Қазақстанда биылғы қаңтар-қазан айлары аралығында 830 кедендік тексеріс жүргізіліп, олардың 81%-ында заңбұзушылықтар тіркелді.
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Ведомство дерегінше, тексерістер нәтижесінде 31 млрд теңге көлемінде қосымша төлемдер есептеліп, оның 24 млрд теңгесі өндіріп алынды. Өткен жылмен салыстырғанда қосымша төлемдер мөлшері 172%-ға, ал өндіріп алынған қаржы 266%-ға артқан.
Тексеру барысында мамандар 534 әкімшілік іс қозғады. Заңбұзушылықтардың ең жиі кездесетін түрлері:
- 40% – кедендік құнды дұрыс көрсетпеу,
- 20% – тауарды қате жіктеу,
- 11% – шектеулі тауарларды мақсатсыз пайдалану,
- 9% – уақытша әкелу және өзге де кедендік рәсімдерді бұзу.
Комитет өкілдері кедендік декларацияда жалған мәлімет беру әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Ал төленбеген кедендік төлемдер мен салықтар көлемі 10 000 АЕК-тен асқан жағдайда, Қылмыстық кодекстің 236-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.





