Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстандық оқушы халықаралық олимпиадада бірінші орынды иеленді

Қазақстандық оқушы халықаралық олимпиадада бірінші орынды иеленді

Қазақстан ағылшын тілінен әлемдегі беделді Халықаралық KGL Contest (Kangaroo Global Linguistics) олимпиадасында 40-тан астам ел ішінде бірінші орынды ұтып алды. Финалда ағылшын тілінің ең жоғарғы деңгейі B2 бойынша 1-орынды Алматы қаласындағы № 23 мектеп-гимназиясының оқушысы Дария Насимуллина қанжығасына байлады. 

KGL Contest – бұл ағылшынды шет тілі ретінде оқитын 8 бен 17 жас аралығындағы оқушыларға арналған ағылшын тілінен халықаралық олимпиада. Конкурсты ұйымдастыратын International Testing Authority (ITA) қатысушыларға тілді қаншалықты меңгергенін қызықтыру және ынталандыру арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Әлем оқушыларының ағылшын тілінің деңгейін  шынайы бағалайтын Олимпиаданың негізі 2017 жылы қаланып, дүние жүзінің 40-тан астам мемлекеті арасында жылда өтеді.

KGL-дың басты ерекшелігі: күрделі деңгейінде – Pre-A1, A1, A2, B1, B2 – CEFR көрсеткішіне сай. Іріктеу үш кезеңнен тұрады: екі ұлттық тур (Stage I + Stage II) және бір халықаралық – финал (Global Event), биыл ол 2-4 қазан аралығында Грекияның Салоники қаласында өтті.

Олимпиаданың бірінші кезеңі 2025 жылғы 15 ақпанда болды. Қысқы аяз бен жүздеген шақырым қашықтыққа қарамастан, табандылық танытқан біздің ата-аналар мен ұстаздар 2691 оқушыны тест өткізуге таңдалған облыс орталықтары мен қалаларға дер кезінде жеткізді. 

Нәтижесінде білім сайысына тіркелген 2691 баладан алғашқы іріктеуге 530 оқушы ілінді. II кезеңге өтетін ұпай ең жоғарғы көрсеткіштің 90%-ын құрайды. Ағылшын тілінен өткен халықаралық олимпиаданың екінші кезеңі 2025 жылғы 15 наурызға ұйымдастырылды. Екі айға ұласқан шет тілінен сынақ, абыроймен аяқталып, ел намысын қорғаған балалар тіл білудің барлық деңгейінен – Pre-A1, A1, A2, B1, B2 – жоғары ұпай  жинады. Олимпиадаға Қазақстанның да қатысуына мұрындық болған EDU Stream компаниясы шет тілінің барлық төрт деңгейі бойынша жеңімпаз аталған оқушыларды өз атынан құттықтап, Грекияға ақтық финалға ұшатын билеттерін өз қаржысына ұйымдастырды. Еліміздің балалары Global Event-те бірден жеңіске жетеді деп ешкім ойлаған жоқ.

- Менің B2 деңгейім бойынша жеңімпаздарды жариялағанда бірінші орынды иеленемін деген үмітім болмаған еді. Мен үшінші орын не ары кетсе, екінші орын аламын деп ойладым. Ал 2 мен 3 орынды ұтқан қыздарды жариялағанда, іштей жеңіспен қоштасып, еңсем түсіп те кетті. Бірақ экранда өз аты-жөнімді «бірінші орын» деп оқығанда, бұл бір пранк шығар деп сенбедім. Қолым дірілдеп сахнаға шықтым да финалда жеңгеніме алғысымды айттым, - деп күлімдеді Халықаралық ағылшын тілінен KGL Contest-2025 олимпиадасының B2 деңгейі бойынша жеңімпазы Дария Насимуллина.

- Шет тілінің ең жоғарғы деңгейінен ең көп балл жинаған оқушым Дария Насимуллинаны мақтан тұтамын. Бұл бүкіл еліміздің жетістігі! Осы орайда барлық ата-ана мен ұстазға айтарым: балаларға сеніңіздер, қолдаңыздар және жанарына от жағыңыздар. Еліміздің болашағы дарынды да лайықты ұрпақтың қолында, - дейді сезімін жасырмаған Алматы қ. № 23 МГ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сағыныш Райбекова.

Олимпиаданың ITA халықаралық ұйымдастырушылары да қазақстанның жасөспірімдеріне таңдай қаққаны бар. Бұған тек финалдағы жеңіс емес, бізден қатысқан басқа да финалисттердің: Астана қ.  № 82 «Дарын» АЛ оқушысы Алпысбай Әлидің А2 деңгейінен және Алматы қ. № 39 лицейінің оқушысы Төленбай Таңаттың B1 деңгейі бойынша жоғары балл алғаны себеп. Төртінші финалистіміз Қызылорда қ. № 197 ОМ оқушысы Бақытжан Жасмин өзінің А1 деңгейінде сертификат иеленді.     

- Қазақстанның оқушылары бізді қатты таң қалдырды. Неге десеңіз, сіздің ел KGL Contest  сайысына бірінші рет қатысты да бірден ең жоғарғы деңгейдің бірінші орнын ұтып алды – бұндай жетістікке ешбір ел жетпеген. Олимпиадада танытқан белсенділіктеріңіз алдағы уақытта дәстүрге айналады деп үміттенеміз, - дейді ITA бас директоры Майкл Карти (Michael Carty).

Қазақстан оқушысының шешуші сайыстағы жеңісі мен өзге балаларымыздың жоғары ұпай жинауы, бұл 2016 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жаңартылған білім беру бағдарламасы мен еліміздің балаларына ағылшын тілін оқытуды көздеген мақсатымыздың нәтижесі, дейді EDU Stream компаниясындағылар. Британдық Express Publishing баспасының Қазақстандағы өкілдері бүгінгі жетістік – отандық мектептерге әзірленген ағылшын тілі оқу-әдістемелік кешенінің тиімділігінің көрсеткіші екеніне сенімді және оқулық республикадағы орта білім ошағының 70% қамтиды.

- Кез келген шет тілінің халықаралық тесті не емтиханы болсын, оның өзіндік стандарты мен талабы бар. Біздің оқушылар KGL Contest-ке алғаш қатысқанына қарамастан жоғары жетістікке жетті. Балалар тест тапсырып шыққанда қобалжымағандарын және тапсырмалар оңай болғанын жасырмады. Мен барша отандастарымды осы жеңіспен – біздің оқушының ағылшын тілінің ең жоғарғы B2 деңгейінде әлем бойынша бірінші орынды ұтып алғанымен құттықтаймын! Бұл еліміздегі мектептерге арналған шет тілін оқытатын отандық оқулықтар мен EDU Stream-нің авторлық әдіс-тәсілі тиімді екенін көрсетеді, - деп атап өтті EDU Stream халықаралық тіл академиясының бас директоры Наталья Мұхамеджанова.

Финалда B2 деңгейі бойынша 1 орынды қанжығасына байлаған Дария Насимуллинаға ITA атынан 500$ ақшалай сыйлықтың сертификаты табысталды. Барлық бала KGL Contest медалімен, сыйлығымен және сертификатымен марапатталды. Солоникидегі төрт күн өте шықты, дейді олимпиадаға қатысқандар. Неге десеңіз, Global Event-тің балалар мен ұстаздарға арналған бағдарламасы оларды бір сәтке де назардан тыс қалдырған жоқ.

- Қорытынды тестпен қатар біз Грекияның көптеген тарихи жерін тамашаладық. Бізді күтіп алған тарап түрлі экскурсия ұйымдастырды. Маған бәрінен Грекияның көне мұражайы ұнады, - дейді сапардан алған әсерімен бөліскен А2 деңгейі бойынша финалистіміз Астана қ. № 82 «Дарын» АЛ оқушысы Алпысбай Әли.

- Оқушым А2 деңгейінің финалисті – Алпысбай Әлидің жоғары балл алғанына қуаныштымын. Олимпиаданың арқасында ол көптеген шетелдік оқушымен танысып, енді жаңа достары бар. Бір қызығы, ақтық сайыс Қазақстандағы Ұстаздар күнімен тұспа-тұс келді, сол себепті мен үшін бұл екі есе қуаныш десем артық айтқаным емес! Оқушыларымыздың осындай халықаралық жарыстарға қатысатын мүмкіндігі көп болсын, себебі балаға әлем көрген, өзге елдің мәдениетімен танысқан маңызды, - деді қуанған Астана қ.  № 82 «Дарын» АЛ ағылшын тілі пәнінің ұстазы Феруза Молдашова.

Кейбір оқушылар мен ұстаздар шетелге алғаш рет шыққанын жасырмады. Естен кетпес әсер мен KGL Contest-тен сыйлық алған отандастарымыз шетелдіктерге деп апарған тәттілері мен кәдесыйын таратып, елге зор шабытпен қайтты.

Ұқсас материалдар