Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстандық тасымалдаушылар Түркия порттарын пайдалана алады

Қазақстандық тасымалдаушылар Түркия порттарын пайдалана алады

Қазақстандық тасымалдаушылар енді Түркияның теңіз порттарын жүк тиеу және түсіру мақсатында еркін пайдалана алады. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мұндай мүмкіндік Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық автотасымалдар мәселелері жөніндегі аралас комиссия отырысының қорытындысы бойынша келісілді.

"Порттарға қолжетімділік беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Қазақстанның көлік-логистика әлеуетін арттырып, экспорттық бағыттарды әртараптандыруға сеп болады", – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Сондай-ақ тараптар жүктерді автомобиль көлігімен транзиттеу процесін де жеңілдетуге уағдаласты. Енді транзиттік тасымалдар үшін рұқсат беру жүйесі жойылып, еркін транзит режиміне көшу жоспарланып отыр.

Келісім бойынша, үкіметаралық құжаттарға толық өзгерістер енгізілгенге дейін екі ел транзиттік рұқсат бланкілерімен шектеусіз көлемде алмаса алады.

Бұдан бөлек, 2025 жылдың соңына дейін екіжақты және транзиттік тасымалдарға арналған қағаз рұқсат бланкілері электрондық форматқа көшіріледі. Бұған дейін мұндай тәжірибе Қытай және Өзбекстанмен іске асырылған болатын.

Министрліктің мәліметінше, электрондық бланкілер жүйесі тасымалдау үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, адами фактор мен құжат айналымындағы тәуекелдерді азайтады.

Ұқсас материалдар