Қазақстанда құмар ойындар мен бәс тігу нарығының айналымы әлі де жоғары болып отыр. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бір жылдан астам уақыт ішінде қазақстандықтар жалпы сомасы 1,6 трлн теңгеге бәс тіккен. Оның 1,2 трлн теңгесі ұтыс ретінде қайтарылған, ал қалған 25 пайызы, яғни шамамЕржан біржановен 400 млрд теңге букмекерлік ұйымдардың пайдасында қалған.
«Бір жылдан астам уақытта 1,6 триллион теңгеге бәс жасалды. Қайтарымдылық деңгейі 75 пайыз болды. Қазіргі таңда шамамен 700 мың адам тұрақты түрде бәс тігумен айналысады», – деді Ержан Біржанов Электрондық қаржы орталығында өткен таныстырылым барысында.
Вице-министр соңғы заңнамалық өзгерістерге байланысты букмекерлік кеңселерден түсетін салықтық түсімдердің азайғанын атап өтті. Дегенмен, бұл фактор нарықтағы жалпы айналым көлемінің әлі де айтарлықтай жоғары екеніне әсер ете қоймаған.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстандағы ересек тұрғындардың шамамен 15–20 пайызы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысады. Сарапшылар бұл көрсеткіштің әлеуметтік және қаржылық тәуекелдерді күшейтетінін алға тартып отыр.





