
«ҚТЖ» ҰК» АҚ мәліметінше, 2024 жылғы қыркүйектен 2025 жылғы сәуірге дейінгі аралықта жаңа астық өнімі экспорты 7,6 млн тонна болды.
Бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 58%-ға артық (4,8 млн тонна). Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Экспорт көлемінің артуы қазақстандық астыққа сыртқы нарықтағы жоғары сұранысты, сондай-ақ жеткізу географиясының кеңейіп, логистикалық бағыттардың тиімді жетілдіріліп жатқанын көрсетеді.
Экспорттың негізгі бағыттары және өсім қарқыны: Өзбекстан – 2,7 млн тонна (+29,7%, 2023 жылғы 2 млн тоннамен салыстырғанда); Тәжікстан – 1,1 млн тонна (+51%, 726 мың тоннамен салыстырғанда); Ауғанстан – 270 мың тонна (+34%, 202 мың тоннамен салыстырғанда); Қырғызстан – 181 мың тонна (екі есе артты); Иран – 889 мың тонна (2023 жылғы 54 мың тоннамен салыстырғанда 16,4 есе өсті); Әзербайжан – 569 мың тонна (5 мың тоннадан 113,8 есе өсті).
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін дамыту және қолдау жұмыстарын жалғастырып жатыр.