Қазақстанның мемлекеттік қарызы 39,1 триллион теңгеге жетті.
Бұл туралы Қаржы министрлігінің 2026 жылғы 1 сәуірдегі дерегінде айтылды. Министрлік мәліметінше, жалпы қарыз көлемі шамамен 81,1 миллиард АҚШ долларын құрайды. Оның негізгі бөлігі – 35,3 триллион теңге – Үкіметтің тікелей борышы.
Қарыз құрылымында ішкі міндеттемелер басым. Үкіметтің 27,1 триллион теңге қарызы ел ішіндегі инвесторлардан тартылған. Бұл қаражат негізінен мемлекеттік бағалы қағаздар, яғни облигациялар арқылы жиналған. Оның ішінде 23,3 триллион теңге ұзақ мерзімді қарыздарға жатады.
Сыртқы қарыз көлемі 8,2 триллион теңгені құрайды. Оның ішінде 4,8 триллион теңге халықаралық нарықта орналастырылған еурооблигациялар есебінен қалыптасқан. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарынан да несие алған. Атап айтқанда, Халықаралық қайта құру және даму банкіне 1,7 триллион теңге, Азия даму банкіне 651 миллиард теңге берешек бар. Бұдан бөлек, Ислам даму банкі, Қытай және Ресей бағытында да қаржылық міндеттемелер сақталған.
Жергілікті атқарушы органдардың қарызы шамамен 2,5 триллион теңгеге жетеді. Оның бір бөлігі Үкімет алдындағы міндеттемелер болса, қалғаны басқа кредиторларға тиесілі.
Сонымен қатар, мемлекет кепілдік берген борыш көлемі 2,2 триллион теңгеден асады. Бұл – қарыз алушы тарап өз міндеттемесін орындай алмаған жағдайда, төлемді мемлекет өз мойнына алады дегенді білдіреді.





