Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

AI Hub құрылып, мемлекеттік қызметтер цифрланады

 AI Hub құрылып, мемлекеттік қызметтер цифрланады

Қазақстанда цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған жаңа кезең басталмақ.

Үкімет 2029 жылға дейін жүзеге асырылатын «Digital Qazaqstan» стратегиясын бекітіп, мемлекеттік басқару, экономика және әлеуметтік салаларды ауқымды цифрландыру жоспарын жариялады.

Жаңа құжатқа сәйкес, алдағы жылдары жасанды интеллект технологиялары мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесіне кеңінен енгізіледі. Үкіметтің болжамынша, бұл бастамалар ел экономикасының тиімділігін арттырып, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсіміне қосымша 1,5 пайыздық тармақ қосуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанға 10,5–16,5 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту көзделіп отыр.

Стратегия үш негізгі бағытқа негізделген. Біріншісі – азаматтарға арналған цифрлық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Екіншісі – экономиканың нақты секторларын терең цифрландыру. Үшіншісі – мемлекеттік басқару жүйесін заманауи технологиялар арқылы жаңғырту.

Экономика саласында ауыл шаруашылығы, құрылыс, қаржы, мұнай-газ өнеркәсібі және шағын және орта бизнес секторларын цифрландыруға басымдық беріледі. Бұл бағытта жасанды интеллект шешімдері, цифрлық егіздер және интеллектуалды басқару платформалары енгізіліп, өндіріс тиімділігін арттыру мен шығындарды азайту көзделген.

Стратегияның маңызды жобаларының бірі – ұлттық деңгейдегі AI Hub құру. Бұл орталық еліміздегі ғылыми ұйымдарды, жоғары технологиялық компанияларды және қуатты есептеу инфрақұрылымын бір алаңға біріктіреді. Жоспар бойынша оның құрамындағы деректерді өңдеу орталықтарының жалпы қуаты 1 гигаваттқа дейін жетуі мүмкін.

Мемлекеттік басқару саласында да елеулі өзгерістер күтіледі. Шешім қабылдау процестері үлкен деректерді талдауға негізделген жүйелер арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар бірқатар әкімшілік рәсімдер автоматтандырылып, мемлекеттік қызметтердің бір бөлігі жасанды интеллект көмегімен көрсетілуі мүмкін.

Құжатта киберқауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Үкімет ұлттық ақпараттық кеңістікті қорғау, деректер қауіпсіздігін күшейту және цифрлық тәуелсіздікті қамтамасыз ету бағытында арнайы шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.

Билік өкілдерінің айтуынша, бұл бастамалар Қазақстанның халықаралық цифрлық бәсекеге қабілеттілік рейтингтеріндегі орнын жақсартып, елді технологиялық дамыған мемлекеттердің қатарына жақындатуға тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін жасанды интеллект саласына жауапты мемлекеттік құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіне ЖИ технологияларын енгізу үшін арнайы ұлттық платформаны әзірлеу жұмыстары басталғанын хабарлаған болатын. Жаңа стратегия осы жұмыстарды жүйелеп, Қазақстанның цифрлық болашағын айқындайтын негізгі құжатқа айналмақ.

Ұқсас материалдар