Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

ҚазҰУ: Студенттер сарайының шатыры құлаған жоқ, жоспарлы жұмыстар жүргізілді

ҚазҰУ: Студенттер сарайының шатыры құлаған жоқ, жоспарлы жұмыстар жүргізілді
23 қыркүйектен 24 қыркүйекке қараған түні Алматыдағы Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының шатырындағы ескі конструкциялар жоспарлы жұмыстар аясында бөлшектелді. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі хабарлады. 

ҚазҰУ-дың хабарлауынша, жұмыстар жоспарға сай жүргізілген, шатыр өздігінен опырылған жоқ, зардап шеккендер жоқ. Студенттер мен қызметкерлер үшін қауіп-қатерді азайту мақсатында шатырды бөлшектеу жұмыстары түнде жүргізілген. Университет әлеуметтік желіде тараған бейнекадрлар ғимарат шатырының опырылуын емес, конструкцияларды бөлшектеу процесін көрсететінін атап өтті. Айта кетейік, бұған дейін ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. 

Ғимараттан қандай ақаулар анықталды?

Студенттер сарайы 1985–1998 жылдар аралығында салынған. ҚазҰУ мәліметінше, нысанның құрылысы ұзаққа созылып, соңғы кезеңі шаруашылық тәсілмен аяқталған. Пайдалануға берілгеніне 30 жылға жуықтаған ғимарат осы уақыт ішінде кешенді күрделі қайта жаңғыртудан өтпеген.

2023 жылы аккредиттелген ұйым Студенттер сарайының техникалық жағдайына сараптамалық тексеру жүргізді. Университеттің хабарлауынша, мамандар ғимараттың көтергіш және қоршаушы конструкцияларынан елеулі ақаулар тапқан. Атап айтқанда, кейбір темірбетон арқалықтар, қабырғалар мен бағаналар болмаған. Сондай-ақ бағаналардың түйіскен жерлерінде коррозия мен ішінара бұзылу, құрастырмалы конструкцияларда деформация анықталған.

Тексеру барысында арқалықтардың бағаналармен түйісетін тораптарында да кемшіліктер тіркелген. Ғимараттың оңтүстік және солтүстік бөліктерінде темірбетон арқалықтардың салбырағаны байқалған. Бұған қоса, қасбеттің жылу оқшаулағыш қабаты бүлінгені, шатырдың металл конструкцияларында коррозия мен жергілікті деформациялар бар екені анықталған.

ҚазҰУ мәліметінше, ең күрделі ақаулардың бір бөлігі әрлеу және сәндік элементтердің астында жасырын тұрған. Сондықтан олардың нақты жағдайын тек сырттай қарап бағалау мүмкін болмаған.

Қайта жаңғырту жоспары неге өзгерді?

Бастапқыда университет қолданыстағы көтергіш конструкцияларды мүмкіндігінше сақтай отырып, Студенттер сарайын қайта жаңғыртуды жоспарлаған. Алайда жұмыстар басталып, ғимараттың жекелеген бөліктері біртіндеп ашылған кезде мамандар қосымша жасырын ақауларды анықтаған. Шатырдың сәндік әрлеуін бөлшектегеннен кейін бағаналардың түйіскен жерлерінде деформация, соның ішінде бұралу белгілері байқалған. Ғимараттың оңтүстік жағындағы конструкциялардың жоғарғы бөлігінде де өзгерістер тіркелген.

Көтергіш қызмет атқаратын кейбір темірбетон элементтердің жағдайы да алаңдаушылық туғызған. Университет мәліметінше, оларды ашып тексеру кезінде қажетті арматурасы жоқ бөліктер мен бетоны қанағаттанарлықсыз күйдегі учаскелер анықталған.

Бұл ақаулардың жиынтығы ғимараттың сенімділігіне әсер ететіндіктен әрі Алматының сейсмикалық белсенділігін ескере отырып, университет бастапқы қайта жаңғырту жоспарынан бас тартып, қолданыстағы конструкцияларды кезең-кезеңімен бөлшектеу және жаңа Студенттер сарайын салу туралы шешім қабылдаған. Жаңа ғимарат Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының көпшілікке таныс сәулеттік келбетін сақтайтынын мәлімдеді. Жоба сейсмикалық төзімділік пен қауіпсіздіктің қазіргі талаптарын ескере отырып жүзеге асырылмақ.

Ұқсас материалдар