Кеген ауылында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясымен және халықаралық «Парктер шеруі – 2026» табиғат қорғау науқаны аясында 5100 түп ағаш егілді.
Экологиялық жергілікті аудан халқы мен белсенді жастар, БАҚ өкілдері мен өнер жұлдыздары, еріктілер мен «Көлсай көлдері» МҰТП, Кеген орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері, барлығы 1 000-ға жуық адам қатысты. Сондай-ақ, белгілі әнші Жігер Аупбаев, Айдос Кәден әннен шашу шашып, ағаш еккен көпшіліктің көңілін көтерді.
«Таза Қазақстан» акциясы негізінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен маңызды бастаманы қолға алдық. Халық болып, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біркісідей атсалысты. Біздің басты мақсатымыз – елімізді көркейтіп, табиғатты аялауға баулу. Экологиялық шаралар мұнымен тоқтамайды. Биыл ауданда 15 мыңнан астам ағаш отырғызуды жоспарлап отырмыз, – дейді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Аудан әкімінің айтуынша алдағы 2 жылда ағаштарды күтіп баптауымен қатар, әрі қарай өніп - өсіп саябаққа айналдыру жоспарда.
«Алдағы уақытта осы жерде жаяу жүргіншілерге, веложолақтарды жобалап отырмыз. Осы жерге келген туристтеріміз, ауданның тұрғындары демалатын керемет бір саябаққа айналса екен деген мақсатта осыны қолға алып отырмыз», – дейді Нұрбақыт Теңізбаев.
Бұл экологиялық жоба арқылы өңірдің табиғи әлеуетін арттырумен қатар, елді мекеннің эстетикалық келбетін жаңғыртуды және Кеген ауылының болашақ «жасыл белдеуінің» негізін қалауды жоспарлауда.
Кеген ауылының кіре берісіндегі ауданның «жасыл қақпасын» қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан кешенді инженерлік және дайындық жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда ағаш егілетін 7 гектар жер толықтай қоршалып, аумаққа 2 560 түп ағаш егілген. Оның ішінде: 512 аққайың, 512 қарағай, 400 шырша, 624 терек және 512 қара ағаш бар. Жасыл желектің сақталуын қамтамасыз ету үшін 2 000 метрлік суғару жүйесі тартылған.
Өңірде жүн мен тері өңдеу зауытын салып жатқан «MERGEN HOLDING» ЖШС бұл бастамаға өз үлесін қосуды жөн көріпті. Компания жеке қаражаты есебінен 2 гектар жерді игеріп, аталған алқапқа 2 000 түп калифорния терегін егу жоспарлап отыр.
«Біз екі жыл осыған қызмет көрсетіп отырмыз. Автосуару, бәрі осы жерде орнатылады. Тамшылап суармалау болады және ортасына сәндік жоңышқа егіледі», – дейді компания өкілі Жаныс Қанышұлы.
Кеген ауданында «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орналасқан. Көлсай, Қайыңды көлдерімен әйгілі өңірде экология, аң-құсты қорғау, сақтап, көбейту, экотуризмді дамыту басты орында. Экологиялық шаралардың басында жүретін «Көлсай көлдері» МҰТП ұжымы да Кеген ауылындағы ағаш егу шарасына белсенді қатысты.
«Биылғы «Парктер шеруі» акциясы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселесіне жұртшылықтың назарын аударуды көздейді. Қазақстанда 1996 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл қозғалыс аясында «Көлсай көлдері» МҰТП Кеген өңірінде де бірқатар экологиялық іс-шаралар, атап айтқанда «Таза өлке», «Таза аймақ» және «Жасыл жапырақ» акциялары жүзеге асыруда. Бүгін де ұжымымызбен келіп, аудан орталығына ағаш егуге атсалыстық. «Парктер шеруі» биыл жыл бойы игі шаралармен жалғасын табады», – дейді «Көлсай көлдері» МҰТП директоры Бақыт Жүнісов.
«Парктер шеруі» – табиғатты қорғау және қоршаған орта мәселелерін шешуге бағытталған халықаралық қозғалыс. Оған Ұлттық парктер белсене қатысып, жыл бойы іс-шаралар өткізеді. Мысалы, Кеген ауданы аумағындағы ең ірі мекемелердің бірі «Көлсай көлдері» МҰТП «Парктер шеруі-2025» табиғат қорғау акциясы аясында 85 іс-шара өткізіп, 685 ағаш отырғызған, 168 ұя орнатып, 5,3 тонна қоқыс шығарған. Шараларға 4252 адам қатысқан. Бұл ауқымды істері үлін өткен жылы Ұлттық парк ұжымы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің алғыс хатымен марапатталған. Бұл игі іс биыл да жалғасын таппақ.





